Құлсарыда жергілікті халыққа 4 мыңнан аса волонтер көмек көрсетуде

4000 мыңнан астам волонтерлар су тасқынынан зардап шеккен Атырау облысының Құлсары қаласының тұрғындарына қолғабыс етуде, деп хабарлайды Zakon.kz.

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, 2500 жеке тұрғын үйді, Жадырасын ықшам ауданындағы бес кәсіпкерлік нысанды және әуежайды қызыл су басты.

"Халықты жолаушылар пойызымен (бес вагон) Құлсарыдан Атырау қаласына эвакуациялау жұмыстары жүргізілуде. 385 адам эвакуацияланды, оның ішінде 99 бала бар. Эвакуациялық іс-шаралар жалғасуда. Зардап шеккендерге 4000-нан астам волонтер, оның ішінде Маңғыстау облысы Бейнеу ауылынан 100 адам көмек көрсетіп жатыр", делінген хабарламада.

Сонымен қатар, әкімдік эвакуациялық комиссияның жоспардан тыс отырысын өткізді. Жергілікті билік Құлсарыда халықты қабылдайтын жеті орын дайындады (барлығы 14 құрама эвакуациялық бекеті), онда 2 256 адам орналастырылды.

Сондай-ақ, "Батыс" өңірлік қолбасшылығы Каспий теңізіне қарай су ағысының өткізу қабілетін арттыру үшін Жем өзенінің атырабында (Құлсары қаласынан 30 шақырымда) жерүсті жару жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде екі жару жұмысы жүргізіліп, тағы біреуі жоспарда бар. 

"Құлсары қаласының алты ықшам аудан, атап айтқанда Жадырасын, Әуежай, Вахталық және № 2, 3, 5 ықшам аудандары электр энергиясынан алдын ала ажыратылды. Жылыой ауданында аудан әкімінің шешімімен жергілікті ауқымда табиғи сипаттағы ТЖ режимі жарияланды", делінген хабарламада.

Су тасқынына қарсы күреске барлығы 5 147 адам және 158 бірлік техника жұмылдырылды.

Айта кетсек, 2024 жылдың 4 сәуірінен бастап Атырау облысы, Жылыой ауданына қарасты Құлсары қаласы су тасқыны салдарынан қиын жағдайға тап болды. Сондай-ақ Құлсарының тұрғындары жолаушылар пойызымен Атырауға эвакуациялана бастағаны хабарланған.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: