2025 жылғы 15 қазанда әлеуметтік желілерде апат болған жерден көліктердің қираған суреттері тарады. Сипаттамада оқиғаның Жалпақсай ауылында болғаны көрсетілген.
"Расталмаған мәліметтер бойынша, 34 жастағы ВАЗ жүргізушісі басты жолмен келе жатқан Hyundai Grandeur көлігіне жол бермеген. Hyundai көлігінің рулінде 13 жастағы бала болған. Қатты соққыдан кейін көлік бағанаға соғылған. Өкінішке қарай, Лада жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында қаза тапты. Ал бала ауруханаға жеткізілді", – делінген ақпаратта.
Облыстық полицияның баспасөз қызметі апаттың 13 қазанға қараған түні болғанын мәлімдеді. ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
"Сағат 00:30 шамасында ВАЗ бен Hyundai Grandeur көліктері соқтығысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ВАЗ жүргізушісі екінші дәрежелі жолдан шығып келе жатып, басты жолмен қозғалып келе жатқан көлікке жол бермеген. Апат салдарынан ВАЗ көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Екінші жүргізуші түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді", – делінген полиция мәлімдемесінде.
Полиция бұл оқиға бойынша жан-жақты, объективті және толыққанды тергеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұған дейін ата-анасы асырап алған қызын 27 жыл қамауда ұстағанын жазғанбыз.