Қала полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жүргізуші қазір тергеу изоляторында оқшауланған.
"Адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасына кінәлі деп танылған ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі тергеу изоляторына этапталды. Бұған дейін күдікті медициналық мекемеде айдауыл күзетімен болған және соттың санкциясымен қамауға алынған. Қазіргі уақытта ол қылмыстық іс аясында қамауда ұстауды жалғастыру үшін тергеу изоляторына жеткізілді." Алматы қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі
Наурыз айының ортасында Алматыда болған жол-көлік оқиғасында (ЖКО) үш адам қаза тапты. Zeekr көлігінің жүргізушісі мас күйде әл-Фараби даңғылында қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысып, екінші көліктің жүргізушісі мен екі жолаушысы сол жерде көз жұмды.
Белгілі болғандай, апатқа күдікті жүргізушінің жолда жарысқа қатысқаны туралы ақпарат бар. Ол тірі қалды және оған қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаға байланысты Алматы полициясының Қауіпсіздік департаменті, Әкімшілік полиция комитеті және Жеке құраммен жұмыс департаментінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық тексеру жүргізілді.
Тексеру нәтижесінде Алматы полиция департаментінің сыртқы қызмет пен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының жетекшілері қызметінен босатылды. Мемлекеттік нөмірлерді заңсыз беру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, бір полиция қызметкерінің әрекетсіздігі бойынша да қылмыстық іс ашылып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Оқиғадан кейін қалаға қосымша полиция күштері тартылды. 31 наурызда алматылықтар басқа аймақтардан келген полиция көліктерінің колоннасын фото мен видеоға түсірген. Ал 2 сәуірде қала полициясы ауқымды жоспарлы операцияның басталғанын хабарлады. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, бұл жоспарлы тексеру жұмыстары болып табылады.