Павлодар облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, "112" пультіне оқиға туралы хабар 14:23-те түскен. Опырылған жердің тереңдігі шамамен 6 метр болған. Оқиға орнына құтқарушылар мен өрт сөндірушілер жедел түрде жіберілді.
"Құтқарушылар жеткенге дейін кәсіпорын жұмысшылары бір адамды өз күштерімен шығарып алған. Кейін келген құтқарушылар үйінді астынан тағы екі зардап шегушіні алып шықты. Олардың барлығын ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының мамандары тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті. Одан әрі олар жедел жәрдем бригадаларына тапсырылып, ауруханаға жеткізілді", – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, құтқарушылар үйінді астынан екі адамның мәйітін тапқан. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.
Бұған дейін құтқарушылар Алматы тауларында еңіске құлап түскен туристке көмекке келгенін жазғанбыз.