Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде жүздеген миллион теңгенің жалған деректері анықталды

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Түркістан облысында мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдарға прокуратура тексеру жүргізіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында заңсыз қаражат алу және қаражатты мақсатсыз пайдалану фактілерін анықтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Қадағалау органының мәліметінше, сондай-ақ лицензиясыз көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер мен сапасыз медициналық қызмет көрсету жағдайлары тіркелген.

Атап айтқанда, облыстағы бір жекеменшік клиникада рұқсат құжаттарынсыз офтальмолог, гастроэнтеролог, аллерголог, уролог, психиатр, гематолог, генетик, тамыр хирургі, нейрохирург, нефролог, инфекционист, невропатолог, эндокринолог, хирург, кардиолог, фтизиатр, рентгенолог, ревматолог, онколог сияқты бірқатар маманның атынан 28 мыңнан астам консультациялық қызмет көрсетілгені анықталған. Бұл қызметтердің жалпы сомасы 91 млн теңгені құраған.

Аталған дерек бойынша материалдар Қылмыстық кодекстің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелген. Тергеуді Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген. Іс тергеу барысында келтірілген шығын толық өтелуіне байланысты реабилитацияланбайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

Сонымен қатар стоматологиялық қызметтер бойынша 203 млн теңге көлемінде жалған мәліметтер енгізілгені анықталды.

Екі аффилирленген клиника өздерінде тек үш дәрігерді тіркеп, электрондық жүйеге жүкті әйелдер мен балаларға көрсетілді деп көрсетілген шамамен 40 мың жалған стоматологиялық қызметті енгізген.

Тексеру барысында бір стоматологтың бір күнде бірнеше клиникада бір уақытта ондаған пациентке қызмет көрсеткені сияқты күмәнді жағдайлар да анықталған.

Пациенттермен жүргізілген кері тексерулер мен сұхбаттар бұл деректердің жалған екенін растады.

Аталған фактілер бойынша арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп, іс материалдарын сотқа жолдады.

Алматы облысында бұған дейін де тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында стоматологиялық қызмет көрсету кезінде алаяқтық жасады деген күдік бойынша іс тіркелгені хабарланған.

Қазақстан
Түркістан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген құрамдағы отырысында не айтты

Мемлекеттік қордан тұрғын үйді жекешелендіру: өзгерістер енгізілді

Экономикалық интеграцияны тереңдету бағытында ауқымды жұмыс атқарылды – Тоқаев ЕАЭО туралы

Сауле Базарханның өлімінен кейін депутат Денсаулық сақтау министрлігін қатаң тексеруге шақырды

Қорғауға жататын жеке деректердің тізбесін Конституция арқылы нақтылау ұсынылды