Полиция мәліметінше, аталған топ өз әрекетін заңды фармацевтикалық қызмет ретінде көрсетіп, жасырын түрде заңсыз сауда жүргізген. Олар арқылы психоактивті, тәуелділік тудыратын және есеңгірететін дәрілер өңір аумағында кеңінен таратылған. Бұл құбылыс жастар арасында таралған “дәріханалық нашақорлықтың” бір түріне айналған.
Негізгі тұтынушылар - 18–25 жас аралығындағы жастар. Олардың арасында бұрын сотталғандар да, есепте тұрғандар да, сондай-ақ алғаш рет осындай заттарды қолданғандар да бар.
"Жүргізілген жедел-тергеу шаралары нәтижесінде қылмыстық схема толық тоқтатылды. Заңсыз айналымнан ірі көлемдегі дәрілік препараттар, есірткі заттары, оқ-дәрілер және қомақты ақша тәркіленді. Сонымен қатар тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру деректері анықталды. Жалпы 11 күдікті анықталды. Оның ішінде ұйымдасқан топтың 6 негізгі мүшесі қамауға алынды". ҚР ІІМ баспасөз қызметі
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыстық топтың айналымы шамамен 1 млрд теңгені құраған. Қылмыстық жолмен алынған мүлікке, оның ішінде жылжымайтын нысандар мен қымбат автокөліктерге тыйым салынды.
"Бұл операция өңірдегі көлеңкелі есірткі нарығына елеулі соққы беріп, жастардың нашақорлыққа тартылуының алдын алуға мүмкіндік берді. Полиция психоактивті заттардың заңсыз айналымына қатысты кез келген әрекет заң аясында міндетті түрде тоқтатылатынын және кінәлілер қатаң жауапқа тартылатынын ескертеді. Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді",- деп мәлімдеді полицейлер.
Бұған дейін 29 наурыздан бері із-түзсіз жоғалған оқушының денесі табылғанын жазғанбыз.