Бұл туралы 2026 жылғы 25 маусымда павлодарлық журналист Жансейіт Қабылтаев өзінің Telegram-арнасында мәлімдеді.
Аталған ақпаратты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің баспасөз қызметі растады. Ведомствоның мәліметінше, оқиға бір күн бұрын болған.
"24 маусым күні Павлодар облысындағы Заря елді мекені маңында "Қазавиақұтқару" АҚ пайдаланатын UP-MI872 тіркеу нөмірлі Ми-8 АМТ әуе кемесі қатты қону жасады. Ұшудың мақсаты іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу, яғни жоғалған адамды іздеу болған", – делінген хабарламада.
Көлік министрлігінің мәліметінше, әуе кемесінің бортында 13 адам болған.
Оның ішінде:
- 5 экипаж мүшесі;
- 8 жолаушы.
"Авиациялық оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Қазіргі уақытта зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр", – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 27 шілдедегі №505 бұйрығымен бекітілген авиациялық оқиғалар мен инциденттер туралы деректерді ұсыну және оларды тергеп-тексеру қағидаларына сәйкес, бұл оқиға адам шығынына әкелмеген авиациялық оқиға (апат) ретінде жіктелді. Оны Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Көліктегі оқиғалар мен инциденттерді тергеу департаменті тексереді.
"Қазіргі уақытта департамент қызметкерлері оқиғаға қатысты нақты деректерді жинау мақсатында тергеудің далалық кезеңін бастады", – деп хабарлады Көлік министрлігінің баспасөз қызметі.
Оқиғаға қатысты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі де түсініктеме берді.
"Павлодар облысында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде "Қазавиақұтқару" АҚ-ның тікұшағы Байдалы ауылынан бірнеше шақырым жердегі ашық алаңға мәжбүрлі қону жасады. Әуе кемесі 1950 жылы туған ер адамды іздеу бойынша құтқару операциясына жұмылдырылған болатын. Алдын ала мәлімет бойынша, азамат балық аулау кезінде мотоциклден құлап, аяғын жарақаттап алған. Осыдан кейін ол көмек сұраған", – деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Динара Нұрғалиева.
Іздестіру жұмыстары жердегі күштер мен еріктілердің қатысуымен бір тәулікке жуық уақытқа созылған.
"Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ер адам табылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетілді. Оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Тікұшақ бортында экипаж мүшелері мен құтқарушылар болған. Олардың барлығы аман. Қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр", – деді Динара Нұрғалиева.
Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы 20 маусымда Павлодарға тікұшақпен үш науқастың жеткізілгені хабарланған болатын.