Телефон арқылы әңгімелесу барысында тараптар Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен оны одан әрі дамытуға қатысты өзекті мәселелерді талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта қазақ-еуропа стратегиялық серіктестігінің даму қарқынына көңіл толатынын атап өтті. Тараптар екіжақты ықпалдастықты одан әрі нығайтуға және бұған дейін қол жеткізілген уағдаластықтарды дәйекті түрде жүзеге асыруға мүдделі екенін білдірді.
Әңгіме барысында Мемлекет басшысының биыл маусым айында Брюссельге жасаған сапарының қорытындыларына ерекше назар аударылды. Аталған сапар аясында Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілген болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Антониу Кошта осы келісімдерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызын атап өтіп, Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамытуға ниетті екенін растады.