Ақорданың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, мемлекет басшысы бұл мереке қырғыз халқының еркіндікке, дербестік пен тәуелсіздікке деген ұмтылысын айшықтайтынын атап өтті.
"Осы жылдар ішінде Қырғызстан ел болып еңсе тіктеуден бастап, орнықты дамуға дейінгі жолды абыроймен еңсерді. Мемлекеттіліктің іргесін бекітіп, бай рухани мұрасын сақтап қалды. Халықаралық аренада беделді елге айналды. Бұған Қырғыз Республикасының 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы жарқын мысал бола алады", – делінген құттықтауда.
Жеделхатта Қазақстан мен Қырғызстанды ғасырлардан тамыр тартатын достық пен тату көршілікке негізделген бауырластық қарым-қатынас байланыстыратыны айтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қос халықтың игілігі жолында одан әрі қарқынды нығая беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті Садыр Жапаровтың жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас қырғыз халқына құт-береке тіледі.