КТК телеарнасының мәліметінше, БАӘ полициясы қыздардың денесін әкесі Мейрам Боханов туыстығын растау үшін ДНҚ сынамасын тапсырғаннан кейін ғана берген. Ол қыздарының жүзін Қазақстанға жеткізілген соң, жерлеу рәсімінің алдында ғана көре алған.
"Жүздерін тек мешітте аштым. Бауырым екеуміз көрдік, біздің қыздарымыз екен... Аналары оларды көрген жоқ. Қыздарын қуанышты әрі бақытты қалпында есінде сақтасын", – деді Мейрам Боханов.
Өткен жылдың желтоқсанында Шарджаға жұмыс істеуге кеткен екі бойжеткеннің өліміне нақты не себеп болғаны ата-анасына әзірге белгісіз. Олар қыздары байланысқа шықпай қалғаннан бергі оқиғаның мән-жайын анықтауға тырысып жатыр.
"Жүректері тоқтаған" деп айтып жатыр. Олардың нақты қалай көз жұмғанын, қалай өлтірілгенін білмейміз. Интернетте тараған ақпараттың бәрі – жалған. Оған сенбеңіздер! Сараптаманың ресми қорытындысы шыққаннан кейін ғана нақты мәлімет айта аламыз, – деді марқұмдардың әкесі.
Іс бойынша күдікті ұсталған. Қыздардың әкесінің айтуынша, ол – Қазақстан тумасы.
Қаза тапқан қыздардың бірі 20, екіншісі 22 жаста болған. Олардың денесі жалдамалы пәтерден табылды. Ата-анасының сөзінше, апалы-сіңлілі Шарджадағы сұлулық салонында жұмыс істеген.