Бұл туралы бүгін, 2026 жылғы 1 қазанда өңірдің Полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеп, арнайы операцияның егжей-тегжейін жариялады.
"Трансұлттық қылмыстық топқа қатысты жедел іздестіру жұмыстары жүргізілді. Тергеу мәліметінше, оның мүшелері Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің аумағында кейіннен сату мақсатында аса ірі мөлшерде есірткі және психотроптық заттар дайындаумен айналысқан. Жедел іздестіру және тергеу іс-шараларының нәтижесінде 48 және 28 жастағы екі күдікті ұсталды".
Тергеу мәліметінше, 48 жастағы күдікті ұйымдастыру жұмыстарымен айналысқан: жаңа қатысушыларды тартып, олардың қызметін үйлестірген. Екінші күдікті есірткі зертханасының жұмысын тікелей ұйымдастырып, жаңа қатысушыларға есірткі және психотроптық заттарды дайындау тәсілдерін үйреткен.
"Тінту барысында зертхана аумағынан сыйымдылығы 50 тонналық өнеркәсіптік цистерна табылды. Тергеу іс-шаралары жүргізілген кезде оның ішінде шамамен 16 тонна өңдеуден қалған өнім мен сұйықтық болған. Сондай-ақ әрқайсысының сыйымдылығы бір тонна болатын, ішінде өткір химиялық иісі бар заттың қалдықтары сақталған екі ыдыс, белгісіз сұйықтық құйылған 20 литрлік үш канистр және ұнтақ тәрізді заттың қалдықтары бар 10 полимер қап тәркіленді", – деді Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмағұлов.
Өнеркәсіптік цистернаның ішіндегі заттан зерттеу үшін 10 литр сынама алынған.
Маманның қорытындысына сәйкес, ұсынылған сынамадан мефедрон табылды. Зерттелген сынамадағы есірткі затының салмағы 1 келі 723 грамм болған.
Мамандардың алдын ала есебінше, табылған заттың көлемі мен зерттеу нәтижелерін ескергенде, одан 2 тоннаға дейін дайын мефедрон алынуы мүмкін еді.
Бұл – заңсыз айналымға түсуі ықтимал шамамен 2 млн бір реттік доза. Оның заңсыз нарықтағы құны алдын ала есеп бойынша 40 млрд теңгеге дейін жетуі мүмкін болған.
"Осылайша, құқық қорғау органдары аса ірі көлемдегі есірткінің заңсыз айналымға түсуіне жол бермей, ауқымды есірткі өндірісін тоқтатты", – деп атап өтті Негмет Исмағұлов.
Ұсталған екі күдіктіге де қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Қылмыстық әрекеттің барлық мән-жайы, шикізаттың қайдан жеткізілгені, күдіктілердің ықтимал байланыстары және трансұлттық топтың өзге де мүшелері анықталып жатыр.
2026 жылғы 26 қыркүйекте Қазақстанның 10 өңірінде ауқымды операция жүргізілгені белгілі болды. Оның нәтижесінде ҰҚК мен ІІМ қызметкерлері 29 адамды ұстаған.