Әйел әлеуметтік желіде концерт кезінде кемінде үш адам қаза тауып, 100-ден астам көрермен зардап шекті деген ақпарат жариялаған. Шымкент қаласының полиция департаментінің мәліметінше, бұл хабарлама тұрғындар арасында үлкен алаңдаушылық туғызған.
"Полиция қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде жалған ақпаратты жариялаған әйелдің жеке басы анықталды. Оған қатысты тиісті материалдар жиналып, заңда белгіленген тәртіппен қарау және шешім қабылдау үшін сотқа жолданды", – деп хабарлады Шымкент қаласының полиция департаменті 2026 жылғы 11 қазанда.
Құқық қорғау органдары көрінеу жалған ақпарат таратқаны үшін заңнамада жауапкершілік көзделгенін еске салды.
Бұған дейін Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концертіне байланысты қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған болатын. Кейін концертте жүзден астам адам зардап шекті деген ақпараттың жалған екені анықталды.