Lada.kz басылымының 2026 жылғы 15 қазандағы мәліметінше, оқиға балалар ойнап жүрген кезде болған. Басқа бала бүлдіршінге өрмекші берген, ал қыз оны жұтып қоюы мүмкін. Бұл туралы кейін жанында болған алты жасар бала айтып берген. Қыздың жағдайы күрт нашарлаған соң дәрігерлер оның өмірі үшін күрескен.
Бірінші дәрежелі кома жағдайындағы кішкентай науқас аудандық ауруханадан санитариялық авиациямен Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына шұғыл жеткізілген. Ұшар алдында дәрігерлер әріптестерімен телемедицина арқылы кеңесіп, қарақұрт уына қарсы сарысудың алғашқы дозасын енгізу туралы шешім қабылдаған.
Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаевтың айтуынша, баланың жағдайын үздіксіз бақылау қажет болған.
"Баланы аман алып қалу үшін бүкіл медициналық топ орасан еңбек етті. Аудандық аурухана дәрігерлері оның жағдайының ауырлығын дер кезінде бағалап, көмек ұйымдастырды. Медициналық авиация бригадасы қауіпсіз тасымалдауды қамтамасыз етті. Ал реаниматологтарымыз Мереке Бекбаев, Гүлайым Джанова, Амангелді Дүйсенбек, Заманбек Айтмұратов, Жандос Нұрлыхани және мейіргерлер қыздың өмірі үшін тәулік бойы күресті. Баланың үйіне оралуына әрқайсысы өз үлесін қосты", – деді жансақтау бөлімінің меңгерушісі Мереке Бекбаев.
Бүлдіршін жансақтау бөлімінде он күн жатқан. Дәрігерлер оның жағдайын тұрақтандыра алды: қыз комадан шығып, өздігінен тыныс ала бастаған соң өкпені жасанды желдету аппаратынан ажыратылған.
Тиісті бейінді бөлімде емін жалғастырып, қалпына келгеннен кейін бүлдіршін қанағаттанарлық жағдайда үйіне шығарылды.
2026 жылғы шілденің басында Ақмола облысының Біржан сал ауданындағы жекеменшік білім беру-сауықтыру орталығында демалған алты адамның тамақтан улану белгілерімен ауруханаға түскені белгілі болған еді. Астана, Қарағанды және Көкшетаудан келген демалушылар құсып, дене қызуы көтеріліп, іші өткен.