ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, "Әйгерім-1" ықшамауданындағы Пригородная көшесінде орналасқан екі қабатты ғимараттың шатыры өртенген.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеті минут ішінде жеткен. Олар келген кезде ғимараттың шатырын түгелдей жалын шарпыған.
"Шатырдың ағаш қаңқасына металл жабын төселген. Ағаш құрылымдар арқылы от тез тараған. Жалынның көрші тұрғын үйлерге таралу қаупі болды", – деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.
Өрт 180 шаршы метр аумақта сөндірілді. Алайда өртті сөндіру кезінде ғимараттың шатыры опырылып түскен.
"Зардап шеккен төрт адам ауруханаға жеткізілді. Қазір олар дәрігерлердің бақылауында", – делінген министрлік хабарламасында.
Мамандар өрттің шығу себебін анықтап жатыр.
Бұған дейін, 19 қазанда Талдықорғандағы наубайханада шыққан өртті сөндіруге 20-дан астам құтқарушы жұмылдырылған еді. Күйік шалған қызметкер ауруханаға жеткізілген.