ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-қараша айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев экономиканың дамуы, ақша-несие саясаты, республикалық бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік сатып алудағы жергілікті қамту туралы баяндады, дейді ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Үкімет басшысы Қазақстан экономикасы пандемия жағдайына сәтті бейімделгенін және сенімді өсім қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті. Осы жылдың он бір айының қорытындысы бойынша ЖІӨ өсімі 3,8% құрады.
Нақты сектордың тұрақты өсуі жалғасуда. Мәселен, өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 5,2%-ға өсті. Өсім машина жасауда 18,5%-ға, оның ішінде автомобиль жасауда 21,3%-ға, локомотивтер мен вагондар өндірісінде 56,7%-ға, құрылыс материалдарын өндіруде 9,2%-ға, фармацевтикада 27,9%-ға, пластмасса бұйымдарын өндіруде 41,4%-ға байқалады.
Көмір өндірудің 0,7%-ға және металл кендерін өндірудің 3,9%-ға өсуі есебінен тау-кен өндірісі өнеркәсібінің (+0,8%) қалпына келуі байқалады.
Көрсетілетін қызметтер секторында байланыс (+12,9%), сауда (+9,7%) және көлік (+3,4%) қызметтеріндегі жоғары қарқын есебінен 3,9%-ға дейін үдеу мен тұрақты өсім байқалады.
Құрылыс саласы 6,2%-ға өсті. 11 айда елімізде 13,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10,6%-ға артық.
Инвестиция өсімі біртіндеп қалпына келіп жатыр, ол 2,6%-ды құрады, ал тау-кен өндірісі көлемін есептемегенде – 11,7% деңгейінде. Биылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысы бойынша Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалалары барлық 7 негізгі макрокөрсеткіш бойынша, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстары және Алматы қаласы 6 көрсеткіш бойынша, Батыс Қазақстан облысы 5 көрсеткіш бойынша әлеуметтік-экономикалық даму өсімін қамтамасыз етті.
Үкімет басшысы өңірлердің жыл соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізуін қамтамасыз етуді тапсырды.