Сенатордың айтуынша, ішкі көші-қонның негізгі векторы халықтың Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларына қозғалысы болып отыр.
1992 жылы бұл үш қаланың ел халқының жалпы санындағы үлесі 11 пайыздан астам болса, 2022 жылы ол 22,5 пайызға, яғни екі есе дерлік өсті. Мұндай динамика ірі қалалар мен өңір халқының шамадан тыс көбеюіне, ауыл халқының азаюынан көші-қон процесінің бұзылуына, қоғамда әлеуметтік шиеленістің артуына, жұмыссыздық деңгейінің өсуіне, тұрғын үй мәселесінің нашарлауына, жалпы білім беретін және медициналық мекемелердің жетіспеушілігіне әкеп соқтырады. Бұл ретте елімізде 2021 жылы туу көрсеткіші 413 мың баланы құрады, оның жартысы оңтүстік өңірлерде дүниеге келген. Ішкі және сыртқы көші-қонның оң сальдосы байқалған аймақ Маңғыстау облысы болды.Сенат депутаты Динар Нүкетаева
Өңірлік дамудың диспропорциясы, табыс теңсіздігі және тұтастай алғанда еңбек нарығының теңгерімсіздігі экономиканың дамуына кері әсерін тигізіп, еңбек өнімділігінің өсуін тежейді, мұның барлығы ауылдардың құлдырауы және ауылды жерлерде жұмыссыздық мәселесін қиындата түседі.
Өкінішке қарай, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Дипломмен ауылға», «Ауыл – ел бесігі», «Серпін – 2050» мемлекеттік бағдарламаларында халықтың тұрмысын жақсарту шараларының жеткіліксіздігі байқалады. 2021 жылғы әлеуметтік сауалнамаға сәйкес, ауыл тұрғындарының 27 пайызы қалаға көшуге ниет білдірсе, 14 пайызы бұл шешімнің негізгі себебі ретінде ауылдағы жұмыстың жоқтығын атады. Көші-қонның жұмыс іздеушілерге кері әсері олардың отбасының бұзылуына әкеп соғады. Осылайша, соңғы үш жылда ажырасу саны артып, 45 пайызға жетті, оның негізгі себебі – жұмыссыздық пен табыстың тапшылығы. Бұл – өте өткір мәселе.Сенат депутаты Динар Нүкетаева
Сондай-ақ парламентарий қазақстандықтардың, әсіресе жастардың Қазақстанда лайықты жұмыс таппай, өзін және отбасын асырай алмай, қалың топпен алыс-жақын шетелдерге кете бастағанын, гастарбайтерлер армиясын құра бастағанын атап өтті.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2021 жылдың 9 айында 18-35 жас аралығындағы 7,5 мыңға жуық жас қазақстандық жақсы өмір іздеп елден кеткен, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 8,9%-ға көп. Нақты көрсеткіш одан бірнеше есе көп болуы мүмкін. Оның басты себептерінің бірі – жастардың басым бөлігінің білім алып, беделі жоқ салаларда жұмыс істегісі келмейтіндігінде.Сенат депутаты Динар Нүкетаева
Осы күрмеулі мәселелерді шешу үшін сенатор өз тарапынан бірнеше ұсыныс айтты.
Ішкі көші-қон саясатын урбандалу процестеріне, еңбек нарығындағы сұранысқа және прогрессивті әлемдік тәжірибені ескере отырып, өңірлік басымдықтармен өзара әрекеттесуіне сәйкес қайта қарау ұсынылады. Тіркелмеген ішкі көші-қон мәселелерін ерекше бақылауға алу, сондай-ақ елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жаңғыртумен байланысты ішкі көші-қон ағынын болжау мен реттеуді ауылдық жерлерге баса назар аудара отырып жетілдіру. Елімізге жоғары білікті мамандар үшін қолайлы жағдайлар жасау және ынталандыру арқылы білікті жұмыс күшінің кетуін азайту бойынша түбегейлі шаралар қабылдау қажет.Сенат депутаты Динар Нүкетаева