Мәжіліс депутаттары Түркістан облысындағы проблемалы нысандарда болды

Түркістан өңіріне келген Мәжіліс депутаттары Дархан Мыңбай, Құдайберген Ержан, Қайнар Абасов және Сырым Ертаев Сайрам ауданындағы проблемалы нысандарды аралады, деп хабарлайды Zakon.kz

Атап айтқанда, 300 оқушыға арналған Қайнарбұлақ ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебі. Білім ордасы 2009-2010 оқу жылында пайдалануға берілген. Биылғы оқу жылында 522 оқушы білім алуда.

Қазіргі таңда мектептің бірінші қабатында орналасқан бірқатар сыныптар мен бөлмелердің қабырғалары жарылып, едендері төмен түссе, екінші қабаттағы кабинеттердің шатырынан су өткен. Жылыту жүйесі дұрыс жүргізілмегенінің салдарынан бөлмелердің температурасы өте төмен. Сыртқы әжетхананың да жағдайы мәз емес қабырғалары мен едендері жарылған. Дегенмен тексеріс барысында апатты деп танылмаған.

Мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп, мемлекеттік сараптама қорытындысына  2020 жылдың желтоқсан айында тіркеуге алынған. Мониторинг барысында Дархан Мыңбай мәселелер ескерусіз  қалмайтынын айтты.

Жалпы Түркістан өңірінде мектеп салу мәселесі күн тәртібінен түскен емес, түспейді де. Тіпті, мына 300 балаға арналған мектепті 5-10 жылда тағы 600 балаға салу керек болады. Сондықтан салу, жоспарлау, қадағалау, бекіту мәселесінде көп кемшіліктер бар. Балалардың өміріне қауіп төндірумен бірдей. Жалпы білім министрілігінен бастап жауаптылар өздерінің міндеттерін дұрыстап орындамаса бұл мәселе тоқтамайды. Тоқтатудың ең басты жолы - заңға бағынушылық. Сапар барысында түйген негізгі проблемаларды Парламентте көтеретін боламын. Тиісті министрліктермен бірге заң аясында шешуге ықпал етемін. Түркістан өңірінде мектептердің жетіспеушілігі ең бірінші айтатын мәселем болады. Осындай проблемалар көп. Бірақ негізгі  проблемаларды түзетсек, Түркістан өңірінің әлеуеті зор – деді, халық қалаулысы.

Сурет: Мәжілістің баспасөз қызметі

Екінші нысан – Қарасу ауылында салынатын көпқабатты тұрғын үйлер. Жалпы үйлердің саны – 5 , ал пәтер саны – 300. Биыл құрылыс жұмыстары басталу керек болған нысан республикалық бюджеттен қаржы бөлуді қажет етеді.

Мәжіліс депутаттары аталған нысандардың құрылыс жұмыстарына жауапты мекеме басшыларымен кездесіп, мәселелерді жан-жақты талқылады. Шешімін күткен проблема енді Парламент отырыстарында жауапты министрліктермен бірге қаралмақ.

 

Түркістан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: