«Қайырымды істер марафоны» мәресіне жетті

Бастаманы бір жылдың ішінде 3 миллион отандасымыз қолдады

Жыл басында Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу маусымын ашып берген жалпыұлттық «Қайырымды істер марафоны» бүгін өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл бастама – ел Президентінің ұсынысымен жалпыхалықтық сипат алған үлкен де үлгілі шара болды.

Осыған орай 3 желтоқсанда Павлодар қаласында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Министр Аида Балаева жиында Мемлекет басшысының ыстық лебізін оқып берді:

Қадірлі достар!

Баршаңызды Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған Қайырымды істер марафонының табысты аяқталуымен құттықтаймын! Бұл – халқымыздың асыл қасиеттерін дәріптеп, көпшілікті жақсылық жасауға жұмылдыратын жалпыұлттық жоба. Мерейлі жылда елімізде қоғамдық маңызы бар нақты жұмыстар атқарылуда. Осы марафон – соның жарқын мысалы. Бастаманы бір жылдың ішінде 3 миллион отандасымыз қолдады. 15 мыңнан астам қайырымдылық шарасы ұйымдастырылып, 200 мың адамға көмек берілді. Мұның бәрі Волонтер жылындағы игілікті істер жалғасын тауып, дәстүрге айналғанын көрсетеді. Әлемге індет тараған кезде халқымыз ұлт болып ұйысудың озық үлгісін танытты. Жомарт жандар карантин шектеулеріне байланысты табысынан айырылған жұртқа қолынан келген көмегін аяған жоқ. Өз қаржысына дәрі-дәрмек мен медициналық құрал-жабдық алып берген азаматтар да аз емес. Шын мәнінде, қиындыққа тап болған адамға қамқорлық жасау – қанымызда бар қасиет. Сондай-ақ, баспанаға мұқтаж жүздеген отбасына қуаныш сыйлаған «AsarUme», «Қарекет» қорларының қызметі жоғары бағалауға лайық. Мерейтойлық марафон аяқталғанымен, көпшілікке шарапаты тиетін қайырымды істер жалғаса береді деп сенемін. Жұртқа жанашырлық танытып, халыққа қамқорлық көрсетіп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, Нұр-Сұлтан, Ақорда. 2021 жылдың 3 желтоқсаны
Павлодар Балаева Аида Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: