Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын – Қасым-Жомарт Тоқаев

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің 30 жылда жеткен жетістігіне тоқталып, қазақстандықтарға Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін алғысын білдірді, деп хабарлайды Zakon.kz
Еліміздің өсіп-өркендеуіне әрбір отандасымыз өз үлесін қосты. Барлық жетістігіміз – түрлі кәсіп иелерінің ерен еңбегінің жемісі. Қасым-Жомарт Тоқаев

Ел азаматтарының Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қосқан үлесін айта келе, мемлекет басшысы еліміздің Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.

«Батыс Қытай – Батыс Еуропа» күре жолының еліміздегі бөлігі іске қосылды. Каспий теңізінің жағасында Құрық айлағы ашылды. Өндіріс саласына серпін берілді. Аумағы 180 млн шаршы метрден астам үй салынды. Соның нәтижесінде бір жарым миллион азаматымыздың тұрғын-үй жағдайы жақсарды.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік білім беру тапсырысына тоқталып, соңғы 20 жылда оның саны 5 есе өскенін айтты.

Күрделі кезеңге қарамастан «Болашақ» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Білім беру саласының ең озық мекемесіне айналған Назарбаев университеті құрылды.

30 жылда медицина саласы да дами түсті.

Тәуелсіздік кезеңінде 1800-ден астам аурухана мен емхана салынды. Елордамызда медицина кластері құрылды. Қомақты инвестицияның арқасында фармацевтика саласында маңызды қадам жасалды. Халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 71,4 жасқа жетті.

Осы тұста Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жаңа белеске жол ашқанын, дәрігерлеріміздің ұлт саулығы үшін барлық күш-жігерін салып еңбек еткенін атап өтті.

Коронавирус індетіне қарсы отандық вакцина жасап шығарылды. Бұл жетістік ұлттық медицина ғылымының әлеуеті зор екенін көрсетті. Медицина қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, қоғамдағы мәртебесін көтеруге баса мән беріліп жатыр.Қасым-Жомарт Тоқаев

Ұлт саулығын сақтау үшін мемлекетімізде бұқаралық спортпен және дене шынықтырумен айналысуға жағдай жасалуда.

Елімізде 38 спорт нысаны бой көтерді, 8 мыңға жуық спорт алаңы салынды.

30 жылда мәдениет саласында да ауыз толтырып айтарлық ауқымды істер көп болды. Салтанатты жиында жасаған баяндамасында Мемлекет басшысы соның кейбіріне тоқталып өтті.

Ауқымды «Мәдени мұра» бағдарламасы жүзеге асырылды. Көптеген құнды жәдігеріміз елдің игілігіне айналды. Тарихи-мәдени мұралар инфрақұрылымы біртіндеп кеңейтілуде. 9 мемлекеттік қорық-музей құрылды.

Егемендік жылдарында Қазақстанда 20  театр ашылды. Ұлт киносы әлемге таныла бастады. Қазақ мәдениетінің жаңа шоғыры әйгілі сахналарда өнер көрсетуде.

«Рухани жаңғыру» арқылы ұлттың жаңа болмысын қалыптастыруды қолға алдық. Тұтас түркінің алтын бесігі атанған Түркістанды түлеттік. Саяси реформаларды тың қарқынмен жалғастырдық. Халқымыздың саны 19 миллионнан асты. Осылайша Қазақстан тұғыры берік, мықты мемлекет болды.Қасым-Жомарт Тоқаев

Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктерімізді санамалай келіп, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің өсіп-өркендеуіне әр отандасымыздың қосқан үлесін атап өтіп, барлық кәсіп иелеріне алғысын білдірді.

Қазақстан сіздердің жасампаз еңбектеріңіздің арқасында зор жетістікке жетті. Мен осы мерейлі сәтте Тәуелсіздігімізді нығайтуға қосқан үлесі үшін дүйім жұртқа алғыс айтамын!Қасым-Жомарт Тоқаев

Тоқаев: Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық

Қазақстан Тәуелсіздікке 30 жыл Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: