Тоқаев: Біз осыдан отыз жыл бұрын бабалар арманын ақиқатқа айналдырдық

Тәуелсіздікке 30 жыл, салтанатты жиын Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып отыр, деп хабарлайды Zakon.kz

Салтанатты жиында мемлекет басшысы қазақстандықтарды Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтай отырып, Егемендіктің қастерлі ұғым екеніне, кез келгеннің басына бұйыра бермейтін бақ екеніне тоқталып өтті.

Егемендік – елдің бәріне бұйыра бермейтін бақ. Әлемде сан миллион халқы болғанымен, ұлтарақтай жері жоқ қаншама ұлт бар. Ал қазақтың пешенесіне өз мемлекетін құру бақыты жазылды. Бұл – ұлы бақыт, ұлттың бақыты! Бұдан асқан қуаныш, бұдан биік мәртебе бар ма?! Халқымыз Егемендіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінеді. Өйткені біз азаттықтың құны қандай екенін жақсы білеміз. Бостандық жолында талай батырларымыз құрбан болды. Қаншама қиын күндер басымыздан өтті. Бірақ халқымыз барлық сынақты қайыспай көтерді.Қасым-Жомарт Тоқаев

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздікті үш онжылдыққа бөліп, әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалайтынын айтты.

Мыңжылдықтар тоғысатын тұста Азаттық туы көгімізде желбіреді. Ұлттың ең ұлы мұраты – Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Сол сәттен бастап Қазақ елінің ұлы көші болашаққа бет түзеді. Халқымыз өз мемлекетін құруға кірісті. Бұл – тарихи әділдіктің орнауы. 30 жыл – біз үшін тұтас дәуірге бергісіз мерзім. Оны үш белеске бөліп қарастыруға болады. Әр онжылдық ғасырдың жүгін арқалап тұр.Қасым-Жомарт Тоқаев

Алғашқы онжылдық – жаңа Қазақстанның негізін қалау кезеңі. Осы жылдарда мемлекеттік нышандарымыз белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің өрлеу кезеңі. Біз керегемізді кеңейтіп, тұғырымызды нығайттық. Халықтың әл-ауқатын арттыра түстік. Төл тарихымызды түгендеп, рухани мұрамызды жаңғырттық. Көптеген халықаралық жобаға бастама көтердік. Елге қомақты инвестиция әкелдік.

Үшінші онжылдық – Қазақстанның кемелдену кезеңі. Осы уақытта абырой-беделі артқан мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мәселесін біржола шештік. 2050 жылға дейінгі стратегиямызды қабылдап, дамыған елдердің қатарына қосылуды межеледік.

Тарихи уақыт өлшемімен қарағанда 30 жыл деген – қас-қағым сәт. Ал өткен оқиғалар тұрғысынан бағаласақ, ғасырларға татитын мерзім. Қазақстан халқы үшін бұл – азаттық жылнамасының тұтас дәуірі. Жарқын болашағымызға жол салған ұлы жетістіктер кезеңі.Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
0
Толық оқу
Басты Топ LIVE Бәрі
?
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз