Татарстан Президенті Рустам Минниханов Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға, екі халық арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қасым-Жомарт Тоқаевты «Дуслық» орденімен марапаттады.
Фото Татарстан президентінің ресми сайтында жарияланған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазан Кремлін аралап көргеннен кейін Татарстан Республикасының Президенті Рустам Миннихановпен кездесу өткізді. Кездесудің алдында Қазақстан Президенті «Құрметті қонақтар кітабына» қолтаңба қалдырды.
Сурет: Ақорда
Сурет: Ақорда
Мұнда Қазақстан Президенті ретінде келгеніме өте қуаныштымын. Сізбен елімізде бірнеше рет кездестім. Біз көптеген мәселе туралы, соның ішінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы ынтымақтастықты дамыту және нығайту жөнінде сөйлестік. Екіжақты ынтымақтастыққа негізделген маңызды жобаларымыз бар. Егер Қазақстан мен Татарстан басшылары саяси ерік-жігер танытатын болса, бұл жобалардың жүзеге асырылатыны сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сурет: Ақорда
Келіссөздің мазмұнына, кездесу нәтижелеріне көңілім толды. Біз, әрине, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде Татарстанмен арадағы ынтымақтастықты Қазақстанның дамыта беретіні жөнінде де әңгімелестік. Владимир Путин баспасөз мәслихатында сөйлеген сөзінде Ресей Федерациясының қарқынды дамып келе жатқан субъектілерінің бірі Татарстанға ерекше тоқталды және осы республикаға жұмыс сапарымен бару жөніндегі шешімімді қолдады. Қасым-Жомарт Тоқаев
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Шын мәнінде, елдеріміз арасындағы байланыстардың тарихы терең. Тарихымыз – ортақ. Бұл тақырыпта жазылған мақалалар мен кітаптарды қызыға оқимын. Оқыған сайын тарихи байланыстарымыздың соншалықты терең әрі сабақтасып жатқанына көз жеткіземін, тіпті таң қаламын. Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты міндетті түрде дамыту керек деген пікіріңізді қолдаймын. Қазақстан бұған дайын, – деді Қазақстан Президенті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Рустам Миннихановтың мықты әрі беделді басшылығымен Татарстанның қарқынды дамып келе жатқанын жоғары бағалап, республика халқының игілігі жолындағы қызметіне табыс тіледі.
Сурет: Ақорда
Біз үшін бұл – үлкен абырой. Қазақстан мен Ресей арасындағы достық байланыстар аясында Сіздің еліңізбен ықпалдастықты нығайту мүмкіндігін жоғары бағалаймыз. Қазақстан – Татарстан Республикасы үшін стратегиялық серіктес. Қазақстанның аймақтарымен көптеген келісім жасалған. Сіздің еліңізде табысты жұмыс істеп жатқан компанияларымызды көптеп мысалға келтіруге болады, – деді Рустам Минниханов.