2000 жылы 16 қазанда Резиденция кешені Қазақстанның республикалық маңызы бар ескерткіштерінің тізіліміне енгізілді. Содан бері ғимарат мемлекеттік қорғауға алынған. Ғимараттың бас сәулетшісі – Қалдыбай Монтахаев. Сонымен қатар сәулетшілер Сұлтан Баймағамбетов, Қ.А.Нұрманбеков, О.Е.Цой және дизайнер Т.Ч.Алпысбаев ғимарат құрылысына үлес қосқан.
Бұл ғимарат алғашқыда Брежнев алаңындағы Ленин мұражайының кешені ретінде салына бастады. 1986 жылы республикадағы саяси толқуларға байланысты құрылыс тоқтатылды. Алайда ол кезде ғимарат 90% дайын еді.
1993 жылы құрылыс қайта жанданды. Бұл жолы ғимаратты салуда түзетулер енгізілді. Себебі ол Қазақстан президентінің резиденциясы ретінде жандана бастады. Құрылыс шамамен 1995 жылдары аяқталды.
1998 жылы ел астанасы Ақмола қаласына (кейін Астана, одан кейін Нұр-Сұлтан) көшірілсе де, бұл ғимарат Президент резиденциясы мәртебесін сақтап қалды.
Ғимарат монументалды құрылым ретінде жобаланған. Оның төбесі төрт бұрыштық көлемді-конструктивтік тірек ретінде жасалған. Резиденцияның қасбеті ғимаратқа салтанаттылық пен формальдылық береді. Құрылыс ақ каррар мәрмәрімен безендірілген.
Ғимараттың интерьерінде қазақтың классикалық ою-өрнегінің элементтері бар. Қабылдау залының күмбезі Қарғалы диадемасы негізіндегі рельефті өрнекпен жиектелген. Резиденцияның батыс жағында заманауи өнер туындыларына арналған саябақ бар. Ғимарат іргелес аумақ пикет және наразылық акцияларының дәстүрлі орны ретінде саналады.
Айта кетейік, 5-6 қаңтарда Алматыдағы президент резиденциясының ғимараты қирады. Бірінші қабатта бүлікшілер мінген көлік өртенді. Өрт жоғарғы қабаттағы темір конструкцияларын балқытып жіберген.
Ал бүгін Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен Алматыдағы президенттің қызметтік резиденциясы сүрілетін болды. Оның орнына қала тұрғындары үшін саябақ салынады. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли хабарлады.