Руслан Желдібай: Бұл – шынайы дос шейх Халифаға деген Мемлекет басшысының құрметі

Бүгін Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиге арнайы ұшып барып, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Халифа бин Зайд Әл Нахаянның қайтыс болуына байланысты көңіл айтты. Осыған қатысты ҚР Президентінің баспасөз хатшысы желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Zakon.kz.
Бұл - Қазақстанның шынайы досы болған шейх Халифаға деген Мемлекет басшысының құрметі. Өйткені, ол аймақтық және халықаралық қоғамдастықтағы еліміздің бастамалары мен ірі жобаларына әрдайым жан-жақты қолдау көрсетті. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай

Оның айтуынша, мәселен, Шейх Халифа Зайд Әл Нахаян Нұр-Сұлтан қаласындағы мектеп құрылысына 13 миллион доллар, Шымкенттегі перинатальді орталыққа 25,5 миллион доллар, сондай-ақ «Қарағанды-Нұр-Сұлтан» автожолын қайта жөндеуге 22 миллион доллар грант бөлді.

Коронавирус пандемиясының қиын-қыстау кезінде Әмірліктер Қазақстанға бірінші болып көмек қолын созды. Атап айтқанда, 100 тонна медициналық бұйым мен қорғаныш заттары, арнаулы киімдер және басқа да құрал-жабдықтар жіберді.

Шейх Халифаның қолдауымен Қазақстан мен Әмірліктер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамыды. 2005-2021 жылдар ішінде Әмірліктерден Қазақстанға тартылған жалпы тікелей инвестиция 2,6 миллиард долларды құрады. Бүгінде Қазақстанда Әмірліктер капиталының қатысуымен 276 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді.

Сондай-ақ, Елордада құны 1,6 миллиард долларды құрайтын көпфункционалды «Абу Даби Плаза» кешенінің құрылысы жүріп жатыр.

Бұл – аса ірі екіжақты инвестициялық жоба. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, қазақстандықтар шейх Халифаны парасатты басшы, халықаралық деңгейдегі беделді саясаткер, көрнекті мемлекет қайраткері, екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға зор еңбек сіңірген тарихи тұлға ретінде әрдайым есінде сақтайды. ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай

Айта кетсек, БАӘ Президенті Халифа бен Заид Әл Нахаян 13 мамырда дүние салды.

БАЭ Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: