Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай Facebook-тегі парақшасында жазды.
Бұқаралық ақпарат құралдарынан «Қостанай облысындағы өртке байланысты Мемлекет басшысының осы өңірге жоспарланған сапары бола ма?» - деген сауалдар келіп жатыр. Қалыптасып отырған жағдайға қарамастан, Президент өзінің берген сөзінен таймай, 5 қыркүйектегі жұмыс кестесіне сәйкес Торғайға жұмыс сапарымен барады. Қазір Әулиекөл ауданындағы өртті сөндіру үшін тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жағдайды өңірге арнайы барған Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин бастаған жедел топ қадағалап отыр, делінген хабарламада.
Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Сурет: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Айта кетсек, бүгін - 3 қыркүйекте Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин орманның өртенуіне байланысты Қостанай облысының Әулиекөл ауданына ұшып кетті. 2022 жылы 2 қыркүйекте Қазанбасы ауылынан 20 шақырым қашықтықтағы "Басаманское" орман шаруашылығы мекемесі территориясында өрт шыққан. Желдің болуы, аптап ыстық, ағаштардың қалыңдығы, сүре жолдың мардымсыздығы өртті сөндіруге белгілі бір деңгейде кедергі келтіріп жатқандығы айтылады.
Өрт орнында Новонежинка ауылынан Қазанбасы ауылына қарай 10 шақырым жерде жедел штаб құрылды, оның құрамына мемлекеттік органдардың басшылары кірді. ТЖД бастығы полковник Б.Т. Кәрімов оқиға орнына аттанды. ТЖМ Дағдарысты жағдайларды басқару орталығы базасында жедел штаб жұмысы қолға алынды. Қатты екпінді желдің салдарынан өрт "Семиозерное" орман шаруашылығының арша алқабына ұласты. Сағат 13-00-дегі жағдай бойынша өрт жалмап үлгерген аумақтың алдын ала есептелген көлемі 2000 гектардан асады. ҚР ТЖМ