ОСК басшысы облыстық сайлау комиссияларына қарды күреп, генераторларды дайындауды ұсынды

18 қарашада Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссияларының басшылары мен облыс әкімдеріне сайлау учаскелеріндегі қарды күреуді және генераторларды сынау қажет екенін ескертті, деп хабарлайды Zakon.kz.

ОСК отырысында төраға Нұрлан Әбдіров аумақтық сайлау комиссиялары басшыларының назарын бірқатар өңірлерде қар жауғанына аударды.

"Бұл қыс мезгілі басталған барлық аймаққа қатысты. Мұнда әкім аппараттарының басшылары қатысып отыр. Учаскелерге кіру ыңғайлы болуы, қар күрелуі, мұздың болмауы - cіздердің жауапкершіліктеріңізде. Мүмкін мұның еліміздің оңтүстігіне қатысы жоқ шығар. Бірақ елдің бүкіл орталық, солтүстік, шығыс бөлігінде қар жауып, көктайғақ болып жатыр. Біз сайлаушыларды жарақаттап алмауымыз керек".ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров

Сонымен қатар ол аймақтарға барған кезде электр қуатының үзілуі байқалатынын айтты.

"Жылу мен жарық өте маңызды. Өңірлерде болып, қысқа мерзімді болса да, жарықтың өшіп жатқанын байқадым. Сондықтан өңірлерде бар резервтік генераторларды сынап көріңіздер".ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров

ОСК мәліметінше, 20 қарашада кезектен тыс президент сайлауы өтетін күні Қазақстан аумағында 10 101 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Сонымен қатар 53 елде ҚР дипломатиялық өкілдіктерінде шетелде жүрген Қазақстан азаматтарының дауыс беруі үшін 68 сайлау учаскесі құрылған.

Астана, Алматы және Шымкентте кейбір сайлау учаскелері бір сағат бұрын ашылады.

Қазақстан Президент сайлауы — 2022
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: