Тоқаев Қостанай облысында тау-кен орнының жұмысымен танысты

21 қаңтарда Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі" (ССКӨБ) акционерлік қоғамына барып, Соколов кен орнының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мемлекет басшысына ССКӨБ кәсіпорнының Еуропаға экспортталатын өнімдерін кеңейту жоспары туралы мәлімет берілді, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрлері – темір рудаларын ашық және жер астында өндіру, құрамында темірі бар шекемтастар мен концентраттар және тауарлық доломит өндіру. 2022 жылдың қорытындысы бойынша 26 миллион тонна кен өндірілді, тауар өнімінің көлемі 10 миллион тоннадан асты.

Кен орнында Президентке "Еуразиялық топ" ЖШС-нің басқарма төрағасы Серік Шахажанов ыстық брикеттелген темір өндірісі жобасын және кен орнын басқарудың автоматтандырылған жүйесін таныстырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына "Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің" Еуропаға экспорттайтын өнімдерін ұлғайту жоспары туралы мәлімет берілді.

Президент тау-кен өндіру секторы отандық экономиканың өсімін артыратын негізгі саланың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы тау-кен өндіру ісін дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпорын жұмысшыларына алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.


Айта кетсек, 21 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды. Сапар аясында Президент бірқатар өндіріс кәсіпорындары мен әлеуметтік нысандарды аралауы жоспарланған болатын. 

Қостанай Қасым-Жомарт Тоқаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: