ҚР ІІМ жанынан жыныстық қол сұғылмаушылық істерін тергейтін департамент құру ұсынылды

Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрлеріне қарсы іс-қимыл жөніндегі ұлттық комиссияның адвокаты, сектор басшысы Айман Омарова ҚР ІІМ жанынан жыныстық қол сұғылмаушылық туралы істерді тергеу департаментін құруды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы ол 21 сәуірде "Балаларға қатысты жыныстық зорлық-зомбылыққа жоқ дейміз!" атты баспасөз мәслихаты барысында мәлімдеді. Ол осындай департаменттің болмауының өзі үлкен мәселе екенін атап өтті.

"ҚР ІІМ жанындағы департаменттер, негізінен, жеке тұлғаға қатысты қылмыстық істерді зерттейді, оған кісі өлтіру де, зорлық-зомбылық та кіреді. Көбіне заттай дәлелдемелерді біліктілікке сай алмау, біліктілігі жоқ тергеуден тұратын істерге иеміз. Көбінесе бұл істер зорлық-зомбылықтың болмағанығынан емес, уақытында заттай дәлелдемелер алынбағандықтан, дер кезінде сараптама тағайындалмағандықтан, біреуін жасаса, біреуін жасамағандықтан тоқтатылады. Салдарынан адамдар зардап шегеді. Біз - Ұлттық комиссия жыныстық сипаттағы қылмыстарды зерттейтін департаменттер құруды ұсынамыз". Айман Омарова

Әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның сектор басшысы бұл қылмыстарды тергеуге осы бағытта тәжірибесі жоқ адамдар тартылмауы керек деп санайды.

"Көбінесе істі жұмыс өтіліне бес жыл болмаған адамдарға тапсырып жатады. Тіпті, маманның құқық саласында 10 жылдық тәжірибесі болуы мүмкін, бірақ ол бұрын-соңды мұндай қылмыс санатымен айналыспаған болуы ықтимал. Бұл арада жәбірленушілермен жұмыс істеудің, заттай дәлелдемелерді алудың өз ерекшеліктері бар, – деп сөзін толықтырды Омарова.

Сонымен қатар, ол осындай қызметкерлерді кәсіптік білігін арттыруды енгізу қажет екенін атап өтті.


"Бір де бір университетте жыныстық сипаттағы қылмысты қалай тергеу керектігі оқытылмайды. Жыныстық қылмыстың әртүрлі түрі бар. Бұл - тек зорлау ғана емес, сонымен қатар жыныстық зорлық-зомбылықтың үлкен спектрі. Бізде сот психологтары жоқ. Сондықтан біз барлық процессуалдық нормаларды білетін сот психологтарын даярлауды енгізуді ұсынамыз". Айман Омарова

Омарованың айтуынша, комиссия сот психологтарына тренингтер ұйымдастыруға дайын.

Сондай-ақ, адвокат Қазақстанда кәмелетке толмағандардан жауап алу әдістемесі жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, әдістемені теоретиктердің емес, білікті мамандардың көмегімен жетілдіру қажет.

"Жауап алу кезінде жас баладан зорлау фактілері туралы көп рет сұралады. Бұлай болмауы керек!"- деген Омарова, осылайша ол қайтадан психологиялық күйзеліске түсетінін жеткізді.

"Сонымен қатар, сот сараптамасына келсек. Бұл арада да өзггерістер енгізу керек, өйткені сот сараптамасы бойынша бала өзінің генетикалық ауруына байланысты, мысалы, Даун ауруы кезінде жыныстық қол сұғылмаушылық туралы істі тергеу кезінде барлық тармақтарды нақты түсіндіре алмайтын норма бар. Бұл ретте қылмыстың жасалуын оның айғақтарына сүйене отырып дәлелдеу қажет". Айман Омарова


Сондай-ақ, адвокат Қазақстанның барлық өңірлерінде жақында пайда болған омбудсмендер институты өкілдіктерінің шешілмеген мәселелеріне назар аударды.

"Өңірлер бойынша бізде балалар омбудсмендері бар. Бұл жаңалыққа кәдімгідей қуандым, бірақ кейін олардың көпшілігі жұмыс істемейтінін немесе оны қалай жасау керектігін білмейтініне көз жеткіздім. Неге бұлай? Себебі механизмдер жоқ. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия қазір балалар омбудсмендеріне тренинг дайындауда: олар нені білуі керек? Қандай заңдарға сүйенуі тиіс? Мемлекеттік органдармен қалай өзара іс-қимыл жасауы керек? Баланы қалай алуға болады? Және тағы басқалар", - деп атап өтті адвокат.


Өз сөзінде Адам құқықтары жөніндегі ғалым-заңгер, ҚР БҒМ жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің мүшесі, құқықтану докторы (PhD) Халида Әжіғұлова елімізде жас балалардың жыныстық қол сұғылмаушылық профилактикасы толығымен сәтсіз аяқталды деген пікірде. 

"Бізде әдістеме де, кәсіби дайындалған тергеушілер де, прокурорлар мен судьялар да жоқ. Содан кейін де олар бала бірнеше жылдан бері зорланып келгенін артынан бір-ақ біліп жатады. Бұл өте қорқынышты жағдай! Қазір денсаулық сақтау басқармасында біз сынып жетекшілеріне жыныстық білім беру сабақтарында оқытылатын кеңестер, сабақтар әзірлеп жатырмыз. Бұл - барлық өркениетті елдердегі қалыпты тәжірибе. Әрине, оқыту баланың жасына байланысты жүргізіледі. Кішкентай балалар да өз рұқсатынсыз ешкімнің оларға қол тигізуге құқығы жоқ екенін білуі керек". Халида Әжіғұлова


Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: