Балет әртістеріне берілетін төлемдерді тағайындау тәртібі өзгерді
Сурет: akorda.kz
Төлем алу үшін құжаттар тізімі көбейді. Енді төлем тағайындайтын органға мына құжаттарды ұсыну қажет:
- өтініш;
- жеке басын куәландыратын құжат немесе цифрлық құжаттар сервисіндегі цифрлық құжат;
- еңбек қызметін және балет әртісі ретіндегі кәсіби еңбек өтілін растайтын құжат;
- хореографиялық өнер саласындағы техникалық және кәсіптік және (немесе) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы диплом;
- кадр қызметі растаған, балет әртісі лауазымындағы соңғы жұмыс орнындағы еңбек шартын бұзу туралы бұйрықтың көшірмесі немесе одан үзінді;
- Қазақстанның екінші деңгейдегі банкіндегі өтініш берушінің жеке шотының бар екені туралы анықтама;
- балет әртісі лауазымындағы соңғы үш жылдағы ай сайынғы жалақысы туралы анықтама. Ол бір жұмыс орнынан берілуі, басшы мен бас бухгалтердің қолы қойылып, ұйымның мөрімен расталуы тиіс (жаңа талап);
- БЖЗҚ-дан аударылған міндетті зейнетақы жарналары туралы үзінді көшірме (жаңа талап).
Цифрлық жүйелерден деректерді техникалық себептерге байланысты алу мүмкін болмаған немесе цифрлық жүйелермен интеграция болмаған жағдайда құжаттардың қағаз нұсқадағы көшірмелері қоса беріледі.
Ұсынылған құжаттарды қарау үшін төлем тағайындайтын орган комиссия құрады.
Комиссия мүшелерінің саны тақ болуы тиіс. Олардың арасынан комиссия төрағасы тағайындалады.
Төраға комиссияның жұмысын басқарады және отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған кезде оның міндетін орынбасары атқарады.
Комиссия хатшысы оның қызметін қамтамасыз ету жұмыстарын үйлестіреді және отырыстардың хаттамаларын дайындайды. Хатшы комиссия мүшесі болып саналмайды.
Комиссия отырыстары төлем тағайындайтын органға құжаттар түскен сайын өткізіледі. Отырыс комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды болып есептеледі.
Қағидаларға комиссияның жұмысына, сондай-ақ оның мүшелерінде мүдделер қақтығысы туындаған жағдайларға қатысты бірқатар жаңа нормалар енгізілді.
Комиссия құрамына балет өнерінің қайраткерлері, сондай-ақ уәкілетті орган мен жергілікті атқарушы органдардың экономика, қаржы, кадр және заң қызметтері салаларындағы құрылымдық бөлімшелерінің басшылары кіреді.
Мүдделер қақтығысына жол бермеу үшін қаралып отырған мәселелерге жеке мүдделілігі бар, сондай-ақ туыстық байланыстары немесе өзге де жағдайлар комиссия шешімінің объективтілігіне әсер етуі мүмкін адамдар комиссия құрамына енгізілмейді.
Мүдделер қақтығысы деп комиссия құрамына кіретін адамдардың жеке мүдделері мен олардың міндеттерін орындауы арасында қайшылық туындап, бұл жеке мүдделер олардың міндеттерін орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына әкелуі мүмкін жағдай түсініледі.
Мүдделер қақтығысы туындаған кезде комиссия мүшесін шеттету тәртібі оның төрағаға мүдделер қақтығысының туындағаны немесе туындауы мүмкін екені туралы хабарлауын, сондай-ақ осы комиссия мүшесін немесе басқа мүшені шеттету (өзін-өзі шеттету) рәсімін бастауды қамтиды.
Шеттету туралы шешім жазбаша өтініш негізінде қабылданып, комиссия отырысының хаттамасымен рәсімделеді.
Мүдделер қақтығысы туындаған комиссия мүшесі бұл туралы дереу комиссия төрағасына жазбаша түрде хабарлауы тиіс.
Егер комиссия мүшесінің жеке мүдделілігі қабылданатын шешімдердің объективтілігіне әсер етуі мүмкін болса, ол төрағаға өзін-өзі шеттету туралы жазбаша өтініш береді.
Егер мүдделер қақтығысы басқа комиссия мүшесінде туындаса, бұл туралы ақпарат комиссияның назарына жеткізілуі тиіс.
Шеттету туралы шешім мүдделер қақтығысы туындағаны немесе оның туындау мүмкіндігі туралы ақпарат болған жағдайда комиссия отырысында қабылданады.
Шеттету туралы шешім төраға мен комиссия мүшелері қол қоятын хаттамамен рәсімделеді.
Комиссия мүшесі шеттетілген жағдайда, уәкілетті орган кворумды қамтамасыз ету үшін комиссия құрамына өзгерістер енгізеді.
Комиссия хаттамасының негізінде төлем тағайындайтын орган өтініш берушіге төлем тағайындау немесе оны тағайындаудан бас тарту туралы шешім жобасын хабарламасы бар тапсырыс хатпен немесе электрондық пошта арқылы жібереді.
Өтініш беруші шешім жобасына қатысты қарсылығы болған жағдайда, оны жоба туралы хабарламаны алған күннен бастап екі жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуы тиіс.
Тыңдау рәсімі ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 73-бабына сәйкес жүргізіледі. Тыңдау хаттамасы ҚР ӘРПК-нің 74-бабына сәйкес рәсімделеді.
Қарсылықтар түскен жағдайда олар қаралғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде балет әртістеріне төлем тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту туралы шешім қабылданады.
Тегін, атыңызды немесе әке атыңызды (бар болса), жеке шот нөмірін, тұрғылықты жерін немесе басқа да дербес деректерін өзгерткен жағдайда өтініш беруші бұл туралы төлем тағайындайтын органға растайтын құжаттарды қоса бере отырып хабарлауы тиіс.
Бұйрық 2026 жылғы 30 тамыздан бастап күшіне енеді.