Сотталушы өзі келтірмек дәлелдердің басым бөлігін қорғаушылары жариялап үлгергенін жеткізді.
"Бірінші сот отырысынан бастап және тергеу барысында да әрдайым болған оқиғаға кінәлі екенімді, осылай болғаны үшін, Салтанаттан айырылғаным үшін кінәлі екенімді айтқым келді... Кеше айтып жатыр мені, жүрегі жоқ адам деп, еш өкінбейді деп, жан азабын сезінбейді деп... немесе Салтанатқа күйе жақты деп...", - деді Қуандық Бишімбаев.
Ол ұсталғаннан кейін бірден кінәсін мойындағанын, бірақ екі күннен кейін оған ең ауыр айып тағылатынын күтпегенін атап өтті.
"Қалай әрекет ету керектігін білмедім. Олар мені куәлік беруден жалтарды деп жатыр. Эмоционалды күйзелісте болдым ғой, болған жайтты тереңнен түсініп, қабылдап үлгермедім. Ал шындығында күнде қатты өкініп, Алла Тағаладан өзімді кешіруді сұраймын. Саналы түрде ме немесе олай емес пе, бірақ қалай болғанда да болатын нәрсе болды. Видеодан өздеріңіздер де көрдіңіздер мендегі азапты, мені әкетіп бара жатқанда не істерімді білмей тұрғанымды, Салтанаттың ата-анасының көзіне қалай қарайтыныма миым жетпей тұрғанын. Ал маған осы арада болу керек және мүмкіндігінше өзімді қорғауға тырыстым. Бірақ бұл өзін кінәсіз деп санайтын жүрексіз адам болғандықтан емес. Мен бұл сынақтан да өтуім керек. Қандай жаза берілсе де, мен оған күнәнің өтеуі ретінде қарайтын боламын", - деді Қуандық Бишімбаев.
Сондай-ақ ол Салтанат Нүкенованы қасақана өлтіру ниеті бойынша жауапкершілікті өз мойнына ала алмайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін сот тергеуінің аяқталғаны және тараптардың жарыссөздерге көшкені жарияланған болатын. Прокурор Айжан Аймағанова айыптаушы тараптың ұстанымын жариялады. Кейін Салтанат Нүкенованың ағасы - Айтбек Амангелді алқабилерге жүгініп, әділдік сұрады.
Сондай-ақ жәбірленушілер тарапының адвокаты Жанна Уразбахова сотта сөз сөйлеп, жасалған қылмыста Бишімбаев пен Байжановтың кінәсі айыптаушы тарап ұсынған дәлелдемелермен толық дәлелденгенін мәлімдеді. Дәл осындай пікірді адвокат Дамир Ишмаметов те ұстанады.
Лейла Рамазанова қорғаушы тарапының ұстанымын жариялады. Жарыссөзде адвокат Ерлан Қазымжанов та сөз сөйледі. Ол Қуандық Бишімбаевқа Салтанат Нүкенованы өлтірудің пайдасы жоқ деп есептейді. Сотталушының анасы Альмира Нұрлыбекова сотта сөйлеген сөзінде Салтанат Нүкенованың туыстарынан кешірім сұрады.