ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру барысында көлік полицейлері елорданың 36 жастағы тұрғынын анықтады. Ол ұшу кезінде әуе кемесінің дәретханасында электронды темекі шеккен.
"Жолаушы әйелге қатысты әуе кемесінің бортында темекі өнімдерін тұтыну фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, 50 АЕК (184 600 теңге) мөлшерінде айыппұл салынды. Бортта темекі шегу өрт қауіпсіздігі нормаларына қайшы келеді. Ұшақта кез келген ұшқыннан тұтанып кететін тез өртенгіш материалдар көп", делінген полиция хабарламасында.
Сондай-ақ темекіден шыққан түтін жолаушылар мен ұшақ персоналына қолайсыздық тудырып, зиянын тигізетіні де ескертіледі.
2024 жылы Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері еліміздің теміржол және әуе көлігі объектілерінде 44 440 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 4 278, қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 3 472, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін 1 341 және тағы басқа да құқық бұзушылықтар анықталды.