Vera.kz мәліметінше, сот бұрынғы подполковникті Қылмыстық кодекстің бірден үш бабы бойынша кінәлі деп тапты: пара алғаны (366-бап), қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырғаны (218-бап) және қызмет барысындағы салғырттығы үшін (370-бап).
Сарбасов өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырыла отырып, 12 жылға сотталды. Сонымен қатар, ол подполковник шенінен айырылды, элиталық тұрғын үй кешеніндегі пәтері мен автокөлігі де тәркіленуге жатады. Сот оған мемлекетке алған парасы сомасына сай 70 млн теңгені өтеуге міндеттеді.
Істің басқа қатысушыларына аса ауыр емес үкім шығарылды.
Майор Айдос Сраилов ҚР ҚК-ның 364-бабы бойынша кінәлі деп танылып, бір жылға бас бостандығынан айырылды. Алайда, рақымшылықтың арқасында ол жазасын өтеуден босатылды.
Шыңғыс Жанабаев 189-баптың 4-бөлігі бойынша (аса ірі мөлшердегі ақшаны иелену немесе жымқыру) сотталып, 7 жыл бас бостандығынан айырылды.
Тендер ісі бойынша сотқа тартылған кәсіпкер Тышқанбаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ жас баласының және екінші рөлдегі кейіпкер болуы жеңілдететін жағдайлар ретінде ескеріліп, ол сот залында босатылды.
Қылмыс жасау кезінде денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы лауазымын атқарған "Сұңқар Премиум" клиникасының директоры Темірхан Варзилов 361-баптың 1-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану) бойынша кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Судья Әбинұр Қарабаев атап өткендей, үкім шығару кезінде сот алқасы мүшелерінің көптеген мәселе бойынша пікірлері 5-тен 6-ға дейінгі арақатынаста екіге жарылып отырды. Сотталғандардың адвокаттары сот шешіміне апелляциялық тәртіппен шағымдануға ниет білдірді.
Бұған дейін Рудный қаласының прокуроры қамауға алынғаны хабарланған болатын.