Өңірлік ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қылмыс 29 маусымға қараған түні болды. Кезекші бөлімге белгісіз адам уақытша жұмыс істемейтін жанар-жағармай құю станциясының терезесін сындырып, бөлмеге заңсыз кіріп, салқындатқыш пен алкогольсіз сусындарды ұрлап кеткені туралы хабарлама түсті.
"Бұл факт бойынша дереу қылмыстық іс қозғалды. Хабарламаны алғаннан кейін полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін өткізді: оқиға орнын қарап, іздерді алып, қаскөйдің ықтимал кету жолдарын пысықтады, жақын маңдағы елдімекендердің тұрғындарын сөзге тартып, бұрын мүліктік қылмыстар үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдарды тексерді. Полиция қызметкерлерінің кәсіби әрекеттерінің нәтижесінде күдіктінің жеке басы қысқа мерзімде анықталды. Ол Астраханка ауылының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Қазіргі уақытта оның қылмыс жасауға қатысы тексерілуде". Ақмола облыстық ПД баспасөз қызметі
Ер адамның айтуынша, заңсыз әрекеттер жасаған кезде ол мас күйінде болған. Жасаған ісіне нақты түсініктеме бере алмады.
"Қазіргі уақытта болған жағдайдың барлық мән-жайларын және келтірілген залалдың мөлшерін анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті іс жүргізу шешімі қабылданатын болады", делінген полиция хабарламасында.
Бұған дейін Оралда полиция қызметкерлері ұйымдардың бірінде болған ұрлық қылмысын ашқан болатын.