Павлодар облыстық жедел жәрдем станциясы баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып, Pavlodarnews.kz жүргізуші жарқылдауық маяктары мен дыбыстық дабылы қосылған реанимобильмен жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан сәтте жолға әйел адам шыққанын жазады.
"Соқтығысқаннан кейін 103 қызметінің мамандары зардап шеккен әйелге бірден алғашқы медициналық көмек көрсетіп, Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізді. Ал бригада бара жатқан шақырту басқа жедел жәрдем тобына берілді", деп хабарлады жедел жәрдем станциясынан.
Дәрігерлердің мәліметінше, зардап шеккен әйел 76 жаста. Оның жағдайы – орташа деңгейде. Дәрігерлер екі жіліншігінің сынуын, денесінің көгеруі мен сырылған жарақаттарын анықтаған.
Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталуда. Тексеру қорытындысы бойынша жол апатына қатысушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі.
Бұған дейін Жамбыл облысында дәрігерді балағаттаған ер адам жауапкершілікке тартылғанын жазғанбыз.