Дербес деректердің жаппай таралуына әкеп соққан бұзушылықтар үшін жауапкершілік одан әрі күшейтілмек

Сурет: freepik
Қазақстанда азаматтардың жеке мәліметтерінің қолды болуына байланысты жауапкершілікті тағы да қатайтпақ. Билік мәліметтердің жаппай жария болуына әкеліп соқтыратын ең ауыр бұзушылықтар үшін одан да қатаң санкциялар енгізу туралы мәселені қарастыруда, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР премьер-министрінің орынбасары - Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің төрағалығымен дербес деректерді қорғау және киберқауіптерге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өтті.

"Дербес деректер бұл ақпараттық жүйедегі жай ғана мәліметтер жиынтығы емес. Әрбір жазбаның артында нақты адам тұр. Сондықтан дербес деректерді қорғау ұйымдар үшін тек заң талаптарын орындаумен бөлек, азаматтар алдындағы жауапкершілік болуы тиіс. Деректермен жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыру қажет. Онда қауіпсіздік қандай да бір оқиға болғаннан кейін емес, барлық процестерге бастапқы кезеңнен бастап енгізілуі керек", - деді Жаслан Мәдиев.

Мемлекеттік деректер базаларынан ақпаратты жүктеп алуға шектеулер енгізіледі. Сонымен қатар, дербес деректерді өңдеуді бастағаны және анықталған инциденттер туралы уәкілетті органды хабардар ету міндеті белгіленеді.

Азаматтардың өздері үшін де деректерді бақылаудың қосымша мүмкіндіктері қарастырылған. Дербес деректерді өңдеуге келісім беру және оны кері қайтарып алу eGov Mobile арқылы жүзеге асырылады.

"Тәжірибе көрсеткендей, көптеген инциденттер күрделі сыртқы бұзушылықтардан емес, адами фактордан және ақпараттық қауіпсіздік пен дербес деректерді қорғаудың қарапайым талаптарының сақталмауынан туындайды. Есептік жазбаларды үшінші тұлғаларға беру, қауіпсіздігі бұзылған қолжетімділіктерді пайдалану, қол жеткізу құқықтарын нақты шектемеу, ақпаратты заңсыз көшіріп алу және ішкі тәртіп талаптарын бұзу азаматтардың деректерінің таралуына тікелей қауіп төндіреді", - дейді министрліктегілер.

Осыған байланысты жұмыс берушілер қызметкерлерге киберқауіпсіздік және кибермәдениет мәселелері бойынша жыл сайын оқыту жүргізуге міндетті. Деректерді қорғау формалды талап қана емес, ақпараттық жүйелерге қол жеткізе алатын әрбір қызметкердің корпоративтік мәдениеті мен жеке жауапкершілігінің бір бөлігіне айналуы тиіс.

Заңнама талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылау тұрақты негізде жүргізіледі. 2025 жылы дербес деректерді қорғау саласында 77 тексеру жүргізілсе, 2026 жылдың басынан бері тағы 44 тексеру өткізілді.

Тексеру нәтижелері ұйымдарда жүйелі бұзушылықтардың әлі де орын алып отырғанын көрсетеді. Олардың қатарында азаматтардың деректерін өңдеуге келісімінің болмауы, жауапты тұлғалардың және ақпаратқа қол жеткізе алатын қызметкерлердің бекітілген тізімдерінің болмауы, артық деректерді жинау, көпфакторлы аутентификацияның, пайдаланушылар әрекеттерін журналдау жүйесінің, криптографиялық қорғау құралдарының, антивирустық шешімдер мен желіаралық экрандардың болмауы бар.

Бас прокуратура өкілінің мәліметінше, 2026 жылдың жеті айында дербес деректерді қорғау саласында 90 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген.

Сонымен қатар мұндай бұзушылықтар үшін жауапкершілік күшейтілуде.

Әкімшілік айыппұлдардың мөлшері үш есеге ұлғайтылып, киберқауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін 1 000 АЕК-ке дейін, ал дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін 2 000 АЕК-ке дейін белгіленді. Жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімі бір жылға дейін ұзартылды.

Бұған қоса, дербес деректердің жаппай таралуына әкеп соққан ең ауыр бұзушылықтар үшін жауапкершілікті одан әрі күшейту мәселесі қарастырылып жатыр.

"Сонымен бірге мемлекеттің міндеті тек тексеру жүргізу және санкциялар қолданумен шектелмейді. Жүйенің маңызды элементтерінің бірі реттеуші орган мен дербес деректер базаларының иелері және операторлары арасындағы тұрақты диалог болуы тиіс. Мемлекет үшін ұйымдардың заңнама талаптарын алдын ала түсінуі, өз тәуекелдерін бағалауы және ықтимал инциденттер туындамай тұрып осал тұстарын жоюы аса маңызды. Өз кезегінде бизнес пен деректерді сақтайтын басқа да ұйымдар түсіндіру жұмыстарын уақытылы алып, өз процестерін бірыңғай талаптарға сәйкес ұйымдастыру мүмкіндігіне ие болуы тиіс", - дейдә ведомстводан.

Кеңес қорытындысы бойынша Жаслан Мәдиев дербес деректерді қорғау саласындағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ қызметкерлердің кибермәдениет деңгейін жүйелі түрде арттыруды тапсырды. Ұйым басшыларына бұл жұмысты жеке бақылауға алу жүктелді.

Бұған дейін жаңартылған eGov бұзылып, 15 млн адамның деректері тарап кеткен туралы желіде ақпарат пайда болып, құзырлы министрлік мәлімдеме жасаған болатын.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Жалпыға бірдей декларация: 2025 жылы декларацияны кім тапсырады

Алаяқтар қазақстандықтарды қалай алдайды – ең көп таралған айла-тәсілдер аталды

Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісі бір жолға қойылады

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Салық кодексінде не өзгереді

Эфирде боғауыз сөз бен әдепсіз ән айтқан екі блогер жазаланды