Туды терезеге іліп қойған қызылордалық азаматқа жарты миллион теңге айыппұл салынды

Қазір бұл іске Қызылорда облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің заңгерлері араласуда.
Мемлекеттік туды терезесінің алдына іліп қойғаны үшін Қызылорда қаласының тұрғыны Сұлтан Тумашиновқа 453 мың теңге көлемінде айыппұл салынып отыр, деп хабарлайды Stan.kz.

Алайда бұл жазамен азамат келіспеймін дейді. Құзырлы органдарға шағымданып, «патриот» болу қылмыс емес кенін дәлелдемек.

«Менің бұл пәтерге көшіп келгеніме әлі бір ай уақыт та болған жоқ. Көшіп келгеннен кейін, заттарымды орналастырдым. Туды терезенің алдына іліп қойғанмын. Бірақ мен оны перде ретінде пайдаланған жоқпын. Бұл туды менің сатып алғаныма бір жыл уақыт болды. Үнемі үйіме іліп қоятынмын. Бұл масқара екен. Патриот болғаным үшін айыппұл төлеуім керек пе сонда?», – деп ашынады Сұлтан.

Қазір бұл іске Қызылорда облыстық тұтынушылар құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің заңгерлері араласуда. Олар Сұлтан Тумашиновқа қолдау көрсетіп, әкімшілік сотта мүддесін қорғамақ.

«Қазақстан Республикасының Конституциялық заңнамасында туды үйге, кеңсеге немесе кабинетке ілуге болмайды деген заң жоқ. Сұлттанның туы жыртық емес, лас емес. Ол оны арнайы ілмекке іліп қойған. Жалпы, құқық қорғаушылардың туды мақсатсыз қолдандығ деген айыптаулары негізсіз. Тудың матасы үйді қараңғылай алмайды. Біз әкімшілік сотқа шағым түсірдік. Заң шеңберінде өзімізідің іс-әрекетіміз дұрыс екенін дәлелдемекпіз», – дейді заңгер Әлімжан Тоқболатов.

Аталмыш жағдайға байланысты құқық қорғау органдарына хабарласқан болатынбыз. Тәртіп сақшылары Сұлтан Тумашиновқа лайықты жаза берілді деп отыр.

«Соттың үкімінсіз айыппұл салу құзыретіміз бар. Бұл азамат мемлекеттік Туды мақсатсыз пайдаланғанын дәлелдей аламыз. Қолымызда нақты фактілер бар», – дейді Қызылорда облыстық жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Қуанышбек Шүкіров.

Жағдай шешілгенше, Сұлтан ілулі тұрған Туды алып тастады. Сот алдында өзінің іс-әрекетінің заңды екенін дәлелдей алса, мемлекеттік рәмізді орнына қайта іліп қоюды көздеп отыр.

Фото: stan.kz
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: