Маңғыстау облысының маңызды проблемаларының бірі өңірдің халқы мен кәсіпорындарын тұщыландырылған сумен қамтамасыз ету проблемасы болып табылады. Аталған мәселе ұзақ уақыт бойы қажетті инвестициялардың болмауына байланысты шешілген жоқ. Қазір, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» жаңа заңның қабылдануымен инвесторларды тарту мүмкіндігі пайда болды, бұл инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мерзімдерін қысқартуға, әлеуметтік қызметтер сапасын жақсартуға және тұтастай алғанда өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Осыған байланысты өңір халқы мен кәсіпорындарын ауыз суға және техникалық суға қажеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «Маңғыстау облысының Құрық ауылында қуаты тәулігіне 50 000 м3 тұщыландыру зауытын салу және пайдалану» МЖӘ жобасы әзірленді.
Әкімдік үлкен дайындық жұмысын жүргізді - жобаның тұжырымдамасы әзірленді, келісу және сараптаудың барлық кезеңдерінен өтті, зауытты және су бөгетінің құрылысына жер учаскесін бөлді.
Қазіргі кезде конкурстың бірінші кезеңінің іс-шаралары жүргізілуде. Әлеуетті жекешелік әріптестер техникалық ұсыныстарды беруде, соның негізінде теңіз суын тұщыландырудың барынша тиімді технологиясы айқындалатын болады. Конкурстың екінші кезеңінің қорытындылары бойынша жеңімпаз анықталатын болады.
Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Қазақстан халқына Жолдауында МЖӘ әртүрлі нысандарын енгізу жолымен коммуналдық инфрақұрылым секторына инвестицияларды ауқымды түрде тарту міндеті қойылғанын естеріңізге саламыз. ҚР Үкіметі, ҚР Инвестициялар және даму министрлігі, әкімдіктер қойған міндеттерді іске асыру мақсатында үлкен жұмыс атқарылып жатыр, барлық өңірлер бойынша МЖӘ пилотты жобалар тізбесі қалыптастырылды, оларды іске асыру жөнінде жол картасы әзірленді және бекітілді.
Дереккөзі: «ТКШ ҚазОрталығы» АҚ баспасөз қызметі