Көкшетаудың 10 жасар тұрғыны Имран Бағдат басын қатерге тігіп, сәбиді өлімнен арашалап қалды, - деп мәлімдеді қалалық ТБЖ аға инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Руслан Қуанышев. Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.
Оқиға СҚО Уәлиханов ауданының Кішкенекөл ауылында болған.
Қуанышевтің ақпаратынша, Имран Бағдат Көкшетау қаласындағы №19 орта мектебінде оқиды. Жазғы демалыста Кішкенекөл ауылында тұратын ата-апасына барған. Бір күні әдеттегідей балалармен моншаның қасында ойнап жүргенде, 2 жасар Айсұлтанның қақпағы ашық тұрған септикке қарай жүгіріп бара жатқанын байқайды. Тереңдігі екі метрлік септик жақында ғана сорылған, алайда қақпағы ашық қалыпты. Имран соңғы секундта баланы құдықтан әрі итеріп жіберіп, бірақ өзі құлап кеткен.
Ол құбырлардан ұстап, жоғары өрмелеп, балалардың көмегімен сыртқа шықты. Баланы жедел жәрдем көлігі аудандық ауруханаға алып кетті. Миы шайқалып, жеңіл-желпі жарақат алған. Тиісті емнен кейін аман-есен үйіне оралды.
Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Алексей Советов жас батырды салтанатты түрде алғыс хатпен марапаттап, планшет сыйлады.
Имран өзін батырмын деп санамайды, жасаған ерлігі туралы ешкімге айтпайды. Әкесі Қуаныш Бағдатұлы мен анасы Самал Абайқызы ұлдарын мақтан тұтады. Ал Имранның атасы Бағдат Нажмиденов немересін азаматтық қорғау органдарына дайындаймын деп отыр.
Фото: stan.kz