Өскеменде жедел жәрдем қызметіне жеделдік жетіспей тұр

Басты мәселенің бірі, жедел жәрдем стансасының қызметі тиімді болу үшін, көлік паркі толық жаңалануы тиіс.
Өскемен қалалық жедел жәрдем қызметінің өзіне жәрдем қажет болып тұр. Аймақ тұрғындары 103 қызметіне қоңырау шалған соң, кемінде 20-25 минут күтетіндерін айтып, шағымдануда, деп жазады Хабар телеарнасы.

Ал жауапты мамандар жедел бригаданың діттеген жерге дереу жете алмауы қаладағы көлік нөпірімен байланысты деп отыр. Өскемендік Ольга Клостер ауыр науқас үшін әрбір секундтың санаулы екенін өте жақсы түсінеді. Аз уақыт бұрын өмірлік жары көз жұмған. Аяқасты ажал кезінде жедел жәрдем қызметінің дер кезінде жетпегініне қынжылады.

Ольга Клостер, қала тұрғыны:

- Біз жедел жәрдем қызметіне үш телефоннан қоңырау шалдық. Бірақ ешқайсысымыз 103-ке түсе алмадық. Арада тек 25 минут өткенде ғана келді. Бірақ күйеуімді ажалдан құтқара алмадық.

Бұл бір ғана дерек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметі бойынша, тек биылдың өзінде 1820 адам жедел жәрдем қызметі жеткенше көз жұмған. Көбісі жүрек талмасына шалдыққандар. Облыстық жедел жәрдем стансасының телефоны бір минут бос емес. 5-6 маман үздіксіз қоңырау қабылдап отыр. Әрбір жедел жәрдем көлігі шақырылған жерге неше минутта жетті? Науқасқа қанша уақыт медициналық көмек көрсетті?

Оның бәрін орталық стансадағы диспетчер навигатор арқылы бақылап отырады. Бірақ дәрігерлердің уақытының көбі жолда өтеді. Әупірімдеп жеткеннің өзінде кейбір көпқабатты үйлердің ауласын тұрғындардың өздері арнайы ала ағашпен жауып алады. Ал науқасқа жедел жетіп, дереу көмек көрсету – дәрігелердің міндеті.

Марат Ластаев, облыстық медициналық жедел қызмет станциясының бас дәрігері:

- Қыс уақытында қарды дұрыстап тазаламайды. Жете алмаған соң, жаяу барады. 100 метрге дейін. Машина кіре алмайды. Жедел жәрдемнің жұмысын жетілдіру үшін бірнеше шағын ауданда қосымша тірек бөлімдер ашылды. Келешекте олардың саны тағы көбейтілмек.

Ілияс Мұхамеджан, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Жәрдем стансанынан науқастың ауырып жатқан жеріне дейін тез жету қолданылатын көліктерге байланысты. Неғұрлым тезірек жетсе, неғұрлым дәрігерлік көмек ертерек болса, онда науқастардың өмірін сақтап, жанын сақтап қалуына үлкен ықпалын тигізеді.

Тағы бір басты мәселенің бірі, жедел жәрдем стансасының қызметі тиімді болу үшін, көлік паркі толық жаңалануы тиіс. Өскемендегі орталық стансада қазір 39 көлік болса, оның тең жартысының пайдалану мерзімі әлдеқашан өтіп кеткен. Дегенмен әупірімдеп әлі жүр. Биыл 45 көлік алынбақ. Ал есесіне облыстағы полиция қызметкерлерінің қызметтік көлігі медицина саласынан 3 есе көп.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин

Фото: www.inform.kz

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: