Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің 2-курс студенті Маржан Жетпісбаева «Қыз сыны және Жігіт сұлтаны» қалалық байқауының гран-при иегері атанды. Бұл туралы оқу орнының баспасөз қызметінің жетекшісі Жандар Асан хабарлады.
Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасының қолдауымен «Q-Fest» жобасының аясында өткен сайыс оңтүстік астаналық жоғары оқу орындарының студенттері арасында тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Додаға іріктеу кезеңдерінен топ жарып шыққан 20 үміткер қатысып, бақтары мен баптарын сынады.
Жоба ұйымдастырушылары – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Керемет» жастар ресурстық орталығы» қоғамдық ұйымы мен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенттер сенаты.
– Іс-шара Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын және Алматы қаласында «Жастар жылы» жобасын жүзеге асыру орайында іске асырылып отыр. Мақсат – жастар бойында ұлттық тәрбие құндылықтарын дамыту, мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, жастардың жеке тұлға ретінде жарасымды дамуына, бүгінгі қыздар мен жігіттердің шығармашылық және жоғары зияткерлік әлеуетін арттыру, табиғи сұлулықты насихаттау. Байқау барысында жастар бойындағы өздері үшін жаңа және дәстүрлі емес мүмкіндіктер мен шығармашылық қабілеттерін ашу мақсатында түрлі шеберлік сыныптары мен тренингтер өткізілді. Ол өз кезегінде қатысушылар арасында қазақ халқының салт-дәстүрін насихаттауға, ата-бабаларымыздың төл мәдениеті жайлы білімін кеңейтуге ықпал етеді. Осы тақылеттес сайыстар жастар арасында салауатты өмір салты идеологиясын қалыптастыруға сеп болмақ, – дейді шара ұйымдастырушылары.
Ақтық мәреге қатысушылардың интеллектуалды өресі мен өнері, білімі сараланды. Арулар өз қолымен дайындаған ұлттық тағам әзірлеудегі шеберлігін, сұлтандар ат әбзелдері мен ұлттық дәстүрлерге байланысты сұрақтарға жауап беріп алғырлықтарын да байқатты.
Сайыскерлер «Сәлемдесу», «Сұрақ-жауап», «Өнер» «Ұлттық нақыштағы заманауи сән үлгілерін көрсету» кезеңдері бойынша бақ сынасты. Оларға өнер адамдары мен мәдениет қайраткерлерінен құралған қазылар алқасы баға берді.
Тартысты өткен жарыс көрермендерге ерекше әсер сыйлағаны анық. Қатысушылардың бірі әсерлі әндерімен жұртшылықты тәнті етсе, енді бірі көркем биімен, сахналық көріністерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Әділқазылар алқасының ұйғарымы бойынша, Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Өнер және мәдениет факультетінің студенті Маржан Жетпісбаева жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар шығып, үздік деп танылды. Ал, қалған арулар түрлі аталымдар бойынша марапатталды.
– Бүгінде ұлағат ұясы атанған Қыздар университетінің «Мәдени-тынығу жұмысы» мамандығының 2-курсында білім аламын. Бұған дейін Алматы қалалық «Көркемсөз оқу шеберлерінің» конкурсына, «Ана тілі аруы – 2017» байқауына қатысып, жүлделі орындарға ие болдым. Ал, бұл сайыс мен үшін орны ерекше. Байқауда жеңімпаз атануыма, әсіресе ұстазым Меруерт Түсіпбаева көп еңбек сіңірді. Жарыс барысында көрсеткен қолдауы үшін білім мен ғылымның қарашаңырағы атанған оқу ордасының оқытушылары мен студенттеріне де алғыс айтқым келеді, – деп атап өтті М. Жетпісбаева.
Арулар сайысынан жүлдемен оралған бойжеткенді Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова қабылдап, жеңісімен құттықтады.
Оқу орнының басшысы өз сөзінде дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы һәм өнерлі ұрпағымен кеңейетіндігін айтты.