Сарығаш ауданында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Онда 30 дан аса жұмыс беру мекемелері қатыстырылып, 500-ден аса жұмыс орындары ұсынылды. Бұл туралы ОҚО әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Айта кетейік, Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасы бойынша биыл Сарыағашта 2 мыңнан астам азамат қайта оқуға жіберілген. Күні бүгінге дейін солардың тең жартысы қайта даярлықтан өтіп үлгерді. Әзірге 3-тен бірі тұрақты жұмысқа тұрған. Сонымен қатар, осы күні бағдарлама бойынша қысқа кәсіби даярлықтан өткен азаматтарға сертификат табыс етіліп, облыс әкімінің акциясы аясында тарту-таралғылар жасалды.
Әрі оларға бос жұмыс орындары ұсынылды. Айта кетейік, облыста қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға 12 мыңнан аса азамат жіберілсе, оның 5 мыңнан астамы оқуын бітірген, 1 жарым мыңға жуық тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып отыр. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мұхит Отаршиев жаңа жылдан бастап жұмыс орындарының көптеп ашылатын жеткізді.
Оның айтуынша, бүгінде басқарма мемлекеттік, бюджеттік мекемелердегі еңбек нарығына тұрақты мониторинг жасап, кәсіпорындардағы бос жұмыс орындарына да талдау жүргізіп отырады. Бұл тұрғындарға дер кезінде екі қолға бір күрек ұсынудың жолы.
Сондай-ақ басқарма өкілдері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап енгізілетін атаулы әлеуметтік көмектің жаңа форматын түсіндірді. Сала мамандарының айтуынша, жаңа үлгіде шартсыз және шартты ақшалай көмек болып екі түрге бөлінеді. Шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамсыз мүшелері бар отбасыларына немесе еңбекке жарамды мүшелері еңбекпен қамту шараларына объективті себептермен қатыса алмайтын отбасыларына беріледі.
Мұндай отбасыларынан жәрдемақы алуы үшін жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысу талап етілмейді. Шартты ақшалай көмек құрамында еңбекке жарамды кем дегенде бір мүшесі бар отбасына әлеуметтік келісімшарт жасасқан жағдайда, сонымен қатар, отбасының барлық еңбекке жарамды мүшелері жұмыспен қамту шараларына міндетті түрде қатысқан жағдайда беріледі.
Әлеуметтік келісімшартқа қол қоя отырып, тараптар өзара жауапкершілікті мойындарына алады. Тұлғаларға тектен тек ақшалай көмек ұсынылмайды, оған жұмысқа орналасуға көмек беріледі, қайта даярлау мен кәсіби біліктілігін арттыру үшін әртүрлі курстарға жіберіледі. Осылайша, отбасының кедейлік жағдайынан шығу мүмкіндігі ынталандырылады.
Фото: ОҚО әкімінің баспасөз қызметі