Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Алғашқы қоғам тарихы», «Орта ғасырлардағы Азия және Африка тарихы» және «Историческое краеведение Казахстана» атты ғылыми еңбектер жарық көрді. Бұл туралы Zakon.kz оқу орнының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«Алғашқы қоғам тарихы» атты оқу құралында тарихтың ең алғашқы кезеңі қамтылған. Кітап авторы – филология ғылымдарының кандидаты Жанат Ахметова.
– Алғашқы қауымдық уақытта жер шарын мекендеген барлық халықтар өз дамуының бастау сатысын басынан өткерді. Бұл ғылыми еңбекте адамның жануарлар дүниесінен бөлініп шыққан кезеңінен бастап таптың, мемлекеттің пайда болған уақытына дейінгі аралықты қамтитын мәселелер қарастырылады. Сонымен қатар, алғашқы қауымдық қоғамның қалыптасу тарихы мен оның гүлденуі, рулық құрылыстың дамуына, алғашқы қауымдық қоғамның және оның алғашқы шарттарына сипаттама берілген. Жеке меншіктің пайда болуы, тілдік топтардың құрылуы мен алғашқы қоғам мәдениетінің маңызы туралы өзекті мәселелер де назарға алынған, – дейді Ж. Ахметова.
Оқулықта тақырыптық талдаулар, студенттердің білімін зерделеу үшін арнайы сұрақтар мен тапсырмалар берілген.
Азия мен Африка елдерінің саяси, әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктері «Орта ғасырлардағы Азия және Африка тарихы» кітабында кеңінен қамтылған. «Қыздар Университеті» баспасынан шыққан ғылыми еңбек авторлары – тарих ғылымдарының докторы Ләззәт Қожакеева мен педагогика ғылымдарының кандидаты Сәбит Тортаев.
Кітап 3 бөлімнен тұрады. «Ерте ортағасырлар» атты бөлімде сол кезеңдегі Қытай, Жапония, Корея, Индонезия, Вьетнам, Иран мемлекеттерінің ахуалы мен жағдайы қарастырылған. Сондай-ақ, ерте орта ғасырлардағы Орта Азия мен Закавказье халықтарының өмірі және Индия, Араб халифатындағы феодалдық қатынастардың қалыптасуы берілген.
– Адамзаттың өркениеті, оның тарихы дегеніміз – өндірістің, мәдениеттің тарихы. Адам шаруашылығының, мәдениетінің тарихы Таяу Шығыста шамамен он мың жыл бұрын орын алған неолиттік революциядан басталғаны белгілі. Барлық дін Шығыста пайда болды. Ортағасырларда дүниені дүр сілкіндірген ғұндар мен арабтар, түріктер мен моңғолдардың азиялық екені де дау туғызбайды. Азия мен Африка құрлықтарының көптеген елдерінде қадым заманнан бері тарихи білімге үлкен мән беріліп келген. Шығыста сол кезең турасында көптеген көлемді еңбектер өмірге келді. Ұсынылып отырған оқулықта студенттердің ортағасырлық Азия мен Африка тарихын меңгеруіне, ондағы феодалдық қатынастардың қалыптасып, дамуын түсініп, ұғынуына көңіл бөлінген. Дегенмен кітапта ортағасырлық Азия мен Африка тарихы жан-жақты қамтылып, біржола толық көрініс тапты деуге болмайды. Қазақ тілінде тұңғыш рет жарық көрген ортағасырлық Азия-Африка тарихының оқулығы келешекте əлі де болса толықтыра түсуді қажет етеді, – дейді кітап авторлары.
Ал, «Историческое краеведение Казахстана» атты оқу құралында еліміздің тарихи өлкетануының бүгінгі жағдайы мен дамуы берілген. Ғылыми еңбек тарих ғылымдарының докторы Аманжол Қалыш пен тарих ғылымдарының кандидаты Әлия Исаеваның авторлығымен жарық көріп отыр. Кітап 4 бөлімнен тұрады. Онда тарихи өлкетанудың негізгі мақсаттары мен міндеттері, зерттеу тәсілдері, дереккөздерінің түрлері, Қазақстанның тарихи өлкетануын меңгеруде музей, мұрағат пен ескерткіштердің маңызы жан-жақты қамтылған.