Алматыда ҚР Ұлттық кітапханасында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында қазақ тарихына қатысты үш кітаптың тұсаукесері өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жебеу» Республикалық қоғамдық бірлестігі әйгілі ғалым, тарихшы Нығымет Мыңжанидың «Таңдамалы мақалалар», әйгілі тарихшы, қоғам және мемлекет қайраткері Зардықан Қинаятұлының «Тарихқа көзқарас», «Найман хандығы: тарихы және мәдениеті ХІІ-ХІХ ғғ.» атты кітаптарын шығарып отыр. Туындыларды баспаға шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы дайындаған.
«Бұл кітаптың ерекшелігі, ғылыми құндылықтарын жоймаған зерттеулерге, тың деректерге толы. Бұл еңбектердің ұлттық тарихымызды зерттеуге, қазақ мәдениетін тануда ғылыми негізде көрсететін рөлі ерекше. Қазір Нығмет Мыңжанның қазақ тарихы концепциясына енді келе жатырмыз. Этногенез қайдан басталады? Нығмет ағамыз қазақ тарихы сақтардан басталатынын айтып кеткен», - деді шығыстанушы, тарих ғылымдарының докторы Нәбижан Мұқаметханұлы.
Белгілі тарихшы, тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков Қытай мен Моңғолиядан келген тарихшылардың еңбектерінің құндылығы туралы тілге тиек етті.
«Шеттегі тарихшылардың басты ерекшелігі, олар қытайшадан төте қазақшаға аударған. Олар орыстардың аудармасын пайдаланбаған. Гумилевтің өзі, Кляшторный да бір түрік тілін білмеген. Төл дерексіз ұлттық менталитетсіз тарихты жазуға болмайды. Гумилевтің, басқалардың еңбектерінде адам аттары, этнонимдер түгел бұрмаланып жазылған», - деді Талас Омарбеков.
Нығымет Мыңжанидың қазақтың тарихын, әлеуметтік шаруашылығын, этнографиясын, тілі мен әдебиетін және фольклорын зерттеген еңбектерінің ғылыми және практикалық құндылығы қазір де жойылған жоқ. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» идеясы бойынша елімізде қолға алынып жатқан ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту игі шараларына сәйкес, ғалымның Қазақстанда жарық көрмеген еңбектері арасынан таңдап алынған ғылыми мақалалар топтамасы кірген. Жинақтан ғалымның қазақ тарихы, әлеуметтік шаруашылығы, тілі, діні, әпсаналары мен фольклоры жайлы жазған құнды да қызықты материалдарды көруге болады.
Зардықан Қинаятұлының «Тарихқа көзқарас» атты жинағына автордың 1996-2015 жылдары Қазақстан баспасөзінде жарияланған ғылыми мақалалары, келелі сұхбаттары мен естеліктері енгізілген. Ол екі томнан тұрады. Жинақтан ғалымның тарихқа жаңа ғылыми ой-тұжырымдарын, қоғамдық-саяси концептуалдық өткір пікірлерін, тарихи тұлғалар туралы, көзі көрген белгілі адамдар жайлы жазған құнды да қызықты материалдарды оқи аласыздар.
«Найман хандығы: тарихы және мәдениеті ХІІ-ХІХ ғғ.» - ХІ-ХІІІ ғасырларда Алтай, Ханғай аралығында салтанат құрған Найман хандығының тарихы мен мәдениетінің құнды мұраларын зерттеуге арналған алғашқы монография. Зерттеу желісі қазақтың найман тайпасының ХІХ ғасырға дейінгі тарихи оқиғасын қамтиды. Монографияда Найман хандығының саяси құрылымы, этнодемографиясы, наным-сенімі, мәдениеті, шаруашылығы мен тұрмыс салты жан-жақты талданған. Қазақ мемлекеттілігі тарихы қазір де зерттелу үстінде. Қазақ мемлекеттілігіне Найман ұлысының қосқан өзіндік үлесі бар.
Автордың көп жыл ізденістерінің нәтижесінде мемлекеттілік тарихымыздағы ақтаңдақтарының бір парасы бүтінделіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламамыздың аясында жарық көріп отыр.