Білім беру – тамыры тереңде жатқан, ұлт пен дінге бөлінбейтін, бір күн немесе бір жылда көрінбейтін құндылық. Жалпы жұртшылыққа ортақ игілік. Халық пен халықты, адам мен адамды теңестіретін – тек қана білім. Білім мен ғылымға қояр талап артып, оқу жүйесі күрделенген қазіргі күнде жаңа қоғам һәм бүгінгі заман мұғаліміне жүктелер жауапкершілік те еселене түсуде. Нағыз ұстаз – шәкірт жанына үңіліп, дұрыс жолға сала білуі де қажет. Азаматтық болмысы, кәсіби біліктілігі осылайша сомдалған маман ғана әлеуметтің әлеуетті шырақшысына айналып, адами капиталды дамытуға сүбелі үлес қоса алады.
Әлемдік өркениеттің негізгі қозғаушы күші білім екені баршаға белгілі ақиқат. Ғылымға қол жеткізу, оның жетістіктерін қоғамдық өмірге, елдің игілігіне пайдалану, білімді де парасатты ұрпақ тәрбиелеу халқымыздың қашаннан бергі басты мақсаты болды. Бүгінгі бәсеке заманында ғылым мен технологияны жетілдірмей қатарға қосылу, шын мәнінде тәуелсіз ел болу мүмкін емес. Ғылым адамзат өмірінің ең шешуші факторына айналып отыр. Елдің шаруашылығын, мәдениетін, оның қорғаныс қабілетін жан-жақты дамыған ғылым ғана қамтамасыз ете алады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем жаһандану, инновациялар мен технологиялардың жедел даму дәуіріне аяқ басты. «Білім экономикасына» өту адамзат дамуының жаңа кезеңі болып табылады. Және Қазақстан бұл үдерістердің шетінде, әлемдік дамудың шалғайында қалмауы тиіс. Біз Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға кірістік және алдымызға сапалық тұрғыдан жаңа экономика мен адам өмірінің стандарттарын қалыптастыру міндетін қойдық. Ол бәрімізден аса зор күш-жігер мен білімді талап етеді. Біз болашағынан үміт күттіретін ғалымдарды дайындауға ерекше назар аударатын боламыз» деп, әлемдік экономикалық даму тенденциясы қазақстандық ғалымдардың алдына инновация түріндегі экономиканы қалыптастыру міндетін жеткізген болатын.
Мемлекет басшысы атап көрсеткендей бұл үрдіс өз кезегінде ұлттық инновациялық жүйені құру мен дамытудың негізгі міндеті тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, жоғарғы технологиялы өндірісті дамытуға, ғылыми тұрғыдан ауқымды өнімдер көлемін өсіру есебінен бюджетке түсімдерді арттыруға, жаңа технологияларды пайдалану арқылы экономикалық және әлеуметтік проблемаларды шешуге ұйытқы болмақ.
Қазақстан жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелдерде оқуға 3000 астам жастарды жіберіп отыр. Олар АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Германияның т.б. елдердің озық университеттерінде білім алуда. Шетелдерде білім алған 1,5 мыңдай жас қазірдің өзінде елімізде жұмыс істеуде. Бұл бізге жас кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік беретін резерв.
Білікті, білімді кадрлар даярлауда және технологиялық дамыған елдердегі ғылыми жұмыстар жүйесінде жоғары оқу орындарының үлкен маңызды рөл атқарады. Осы орайда Қазақстанда педагогикалық кадрлардың қалың шоғырын дайындауға сүбелі үлес қосып келе жатқан Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті де ғылым мен білімді өзара үйлестіріп, ғылыми зерттеу жұмыстарын ғылым мен технологияның жаңа нысандарына бағыттап жүргізуді басты мақсат етіп келеді. Білім мен ғылымды дамыту және қыздарға педагогикалық білім беру, белсенді азаматтық ұстанымы бар мамандар даярлау басты миссиясы болып табылатын оқу орнында өткізілетін халықаралық деңгейдегі ғылыми, ғылыми-тәжірибелік конференциялар еліміздегі өзекті мәселелерді шетелдік әріптестермен бірлесе шешіп, тәжірибе алмасуға зор мүмкіндік береді.
Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр. Осынау ауқымды жауапкершілікті абыроймен атқару педагогтарға жүктелген мәртебелі міндет. Дамудың даңғыл жолына бағыт алған болашағы баянды елдің өрісі қашанда білікті де саналы ұрпағымен кеңеймек. Өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеу – ғасырға жуық үздіксіз кадр даярлап келе жатқан Қыздар университетінің басты бағдары.
Гаухар Алдамбергенова,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор