Павлодар облысында ювеналдық сотпен бес баланы қараусыз қалдырған анаға қатысты іс қаралды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.
Іс материалына сүйенсек, 2018 жылы 1-қаңтарда туыстары келген кезде балалар үйдің есігін ашпай қойған. Бұдан кейін жақындары полиция қызметкерлерін шақырған.
Сол жерге жеткен тәртіп сақшылары үйдің іші шашылып жатқанын және балалардың бөтен ер адамның бақылауында қалғанын анықтаған. Бейтаныс адамға тапсырып кеткен әйелдің өзі мас күйінде таныстарының үйінде болған.
- Балалар кәмелетке толмағандарға арналған бейімделу орталығына орналастырылды. Дәрігерлер тексеру барысында олардың битшеңдікке шалдыққанын анықтаған. Бұған қоса, балалар мұнда осымен бірнеше мәрте келген. А. есімді азаматшаға қатысты тұрғылықты мекенжайы бойынша көршілері мен таныстары теріс пікір білдірген. Ювеналдық полицияның тізімінде тұр. Әкімшілік өндіріс қолданғаннан кейін бір жыл бойы спирттік ішімдік тұтынуда, - деді облыстық соттың баспасөз қызметінде.
Нәтижесінде көп балалы ана ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 2-бөлігі, 127-бабы бойынша жауапкершілікке тартылып, 20 АЕК көлемінде (48 100 теңге) айыппұл салынды.
Дегенмен аталмыш кодекстің 2-бөлігі, 829-11 баптары бойынша айыппұл көлемі жалпы сомадан 30 пайызға қысқартылып, 33 670 теңгені құрады.