Астанадағы №36 балабақшаның 6 баласы мен екі тәрбиешісі жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Кеше бір топ ата-ана «балаларымыз тамақтан уланды», деп дабыл қаққан болатын. Балалардың қызуы көтеріліп, лоқсып, қалшылдаған, деп хабарлайды kaztrk.kz.
Бұл мәселеге қатысты дәрігерлер мен құзырлы органдар жауап берді. Белгілісі балалардың жағдайы қалыпты. Ал, балабақшадағы оқиғаны тексеру үшін арнайы жұмыс тобы құрылған.
Ольга Пушкарева, Астана қалалық балалар жұқпалы ауралар ауруxанасы бас дәрігерінің орынбасары: - Өткен тәулікте бізге 6 бала келді. Оның үшеуі ауруханаға жатқызылды. Қалған үшеуі амбулаториялық ем алуда. Қазір біздегі 3 баланың жағдайы қалыпты. Олар тиісті ем-дом шараларын алуда. Олардың барлығынан сынақ алынды. Алдын ала диагноз - ішек инфекциясы. Бір балада одан бөлек, өткір вирустық инфекция да тіркелді.
Топта 5-6 жастағы 30-ға жуық бала бар. Олардың біразы кеше, бүгін балабақшаға келмеген. Қазір мамандар ата-аналармен байланысып, олардың неге келмегендігін анықтауда. Яғни, ауырып үйде емделіп жатқандар да болуы мүмкін. Балабақшада бұл мәселеге қатысты құрылған арнайы комиссия жұмыс істеуде. Балалардың және тәрбиешілердің неден уланғанын анықтау үшін қызметкерлерден сынақ алынып, ғимаратта вирусологиялық және бактериологиялық зерттеу жүргізілуде. Әкімдік «кінәлілер тиісті жазасын алады», деп отыр.
Жазира Асанова, Астана қалалық Білім басқармасының баспасөз хатшысы: - Әлі де тексеріс жүргізіліп жатыр. Тексерістің нәтижелері шыққаннан кейін тиісті шаралар қолданамыз.
Дәрігерлердің айтуынша, тамақтан улану әр адамда әртүрлі жүреді. Орташа алғанда науқастар бір апта ішінде қалыпқа келеді.
Дулат Абибуллаев