Ақтөбе облысында бір топ құрылысшы жалақыларын ала алмай жүр

Тұрғын үйлерде сырлау, сылау жұмыстарын жүргізген құрылысшылар үш айдан бері уәдеге тойғандарын айтып ашынды.

Ақтөбеде бір топ жұмысшы үш айдан бері жалақыларын ала алмай сенделіп жүр. «Ақтөбеэлектросетьстрой» мекемесіне жалданған бір топ бригаданың жұмысшылары басшыларына алданып келген, деп хабарлайды Aktobenews.kz

«Нұр Ақтөбе» шағын ауданындағы тұрғын үйлерде сырлау, сылау жұмыстарын жүргізген құрылысшылар үш айдан бері уәдеге тойғандарын айтып ашынды.

«Нұр Ақтөбе» ауданындағы тұрғын үйлерде бірнеше бригада жұмыс жасады. Біздің бригадада алты адам бар. Уәде естіп жүргенімізге үш ай болды. Шыдамымыз таусылды, үш күннен бері үлкен бастықтардың өзіне келіп, жалақымызды талап етіп жатырмыз. Бізге сылау жұмыстары үшін төленуге тиіс ақшаны да толық бермей отыр. Ал бояу, әрлеу үшін жасалған жұмыстарға жалақымыз мүлде төленген жоқ. Әр адамның өз мәселесі бар. Бір үйдің екі адамы жұмыс жасап жүргендер ақша ала алмай жүр. Пәтерде жүргендер, несиесін төлей алмай отырғандар бар», — дейді Қайрат Тілепеев.

Басшылардың уәдесіне сенген жұмысшылар осы уақытқа дейін еш жерге арыз жазбаған.

«Компания менің өзіме миллион теңгеге жуық қарыз. Осы жерде қаншама адам бар. Менен де көп қарызын ала алмай жүргендер бар. Наурыздың 10-15-тері шамасында ақша болады деп айтып жатыр. 15 күн дегенге шыдау мүмкін емес. Сондықтан айқай шығарудан басқа амалымыз жоқ», — дейді жұмысшылар.

Ал құрылысты жүргізген мердігер компания басшылары айлықтың төленбеуін жұмысшылардың өзінен көріп отыр.

«Жұмысшылар берілген көлемді уақытында аяқтай алған жоқ. Бізге қосымша жұмыс күшін тартуға тура келді. Сапасыз жасалған жұмыстардың ескертуі бізге келіп жатыр. Сондықтан жұмысты уақытында, сапалы жасағандарға ақша бүгіннен бастап төленеді. Қазіргі уақытта үш үй тапсырылып жатыр. Сол бойынша төлеп отырамыз», — дейді «Ақтөбеэлектосетьстрой» мекемесінің бас инженері Қанат Көшкенов.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: