Алматы облысының 4 бірдей ауданында су тасып, 300-ге жуық ауланы басып қалды. Әсіресе, Жамбыл ауданының Ұзынағаш, Қайназар ауылдары қызыл судан қатты зардап шегуде деп жазады Қазақстан Ұлттық телеарнасы.
Мұнда ағын су 120-дан астам ауланың ішімен өткен. Ал, Талғар ауданының Тұздыбастау ауылында 1000 адам қауіпсіз жерге көшірілді.
Қарасай ауданында 90-ға жуық үйдің тұрғындарынан маза қашты. Облыс әкімі Амандық Баталов аудандарды аралап, жағдаймен танысты.
Амангелді Сейітхан, тілші: - Бұл Қарасай ауданының Қаскелең қаласы. Кеше басталған тасқын су әлі тоқтаусыз ағып жатыр. Көшемен жүру мүмкін емес. Ал, тұрғындар ағын суды кешіп өтуге мәжбүр. Өйткені, қанша жұмыс істелсе де, судың беті әлі қайтар емес.
Қызыл судың екпіні әсіресе, Қарасай, Жамбыл аудандарында қатты. Таудағы қар суы аулалар мен жертөлелерге кіріп, халықты әбігерге салуда. Кеше Жамбыл ауданының Қайназар, Ынтымақ ауылдарын басқан қар суы бүгін Ұзынағаш пен Қаскелеңге жеткен.
Әбутәліп Балатаев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны: - Ынтымақтың қасында канал бар. Соған бес машина топырақты тастайды да қояды. Оны су тоқтағаннан кейін үлкен қылып дамба соқпай ма?!
Әлихан Қашағанов, Ұзынағаш ауылының тұрғыны: - Ешкім жаяу жүре алмайды. Оқушылар сабаққа бара алмайды. 4-5 жедел жәрдем ауруларды ауруханаға тасып жатыр.
Төтенше жағдайдың салдарынан ұзынағаштық Нұрбати Қадырғажы апаның үйін су басты. Түнде аулаға жиналған су 1 метрге дейін көтерілген. Қалдығы әлі жатыр. Мөлшерден асқан су үйдің ішіне де кіріп, салдарынан едендері ойылып түсіп кеткен.
Нұрбати Қадырғажы, Ұзынағаш ауылының тұрғыны: - Кеше су көлкілдеп тұрғаннан кейін мұның ішіне кіре алмадық. Аяғымның асты былқылдап астына қарай түсіп бара жатыр.
Қазір арнайы штаб құрылып, құтқарушылар мен Ұлттық ұланның сарбаздары жұмыс істеп жатыр. Олар арықтарды тереңдету, тазалау, аулалардан суды шығарумен айналысуда. Су басқан елді мекендерге бүгін облыс әкімі Амандық Баталов келіп, жағдаймен танысты.
Тұрғындармен кездескен ол барлық арыз-шағымдарды ескеретінін жеткізді.
Амандық Баталов, Алматы облысының әкімі: - Көмектесу - бірінші жұмыс. Қазір арық жасап жатырмыз.
Амандық Баталов судың беті қайтқан соң арнайы комиссия құрылып, апаттан зардап шеккен тұрғындардың бәріне қаржылай көмек берілетіндігін де айтты.
Ал, мамандар «апаттың басты себебі қыста болған қатты аяздың әсері», - дейді. Биылғы суықтан жердің беті қатып, тоңы жылдағыдан қалыңдаған. Сол себепті, жылда жерге сіңіп кететін қар суы биыл өзен арнасынан да асып, көшелерге жайылған.
Амангелді Сейітхан