ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаментінің директоры Шолпан Каринова 3, 6 және 8 сыныпқа енгізілетін жаңа оқулықтардың дәстүрлі оқулықтардың айырмашылығын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Жаңа оқулықтардың дәстүрлі оқулықтардан өзгешелігі жаңартылған оқу мазмұнының тұжырымдамасымен байланысты. Онда дайын күйде есте сақтауға арналған мәтіндердің, теориялық материалдардың азайтылғандығы анықталды. Ізденуге және сыни тұрғыда ойлануға итермейлейтін, оқушыларды шығармашылық ізденіске талаптандыратын тапсырмалардың, мәтіндердің көбейтілгендігі байқалады. Өмірмен байланысты және оқушының өзіндік жұмыс жасауына көп жағдай жасалған, оқулықтағы материалдар диаграмма, графика, кесте, инфографика түрінде көптеп берілген. Жаңартылған білім беру мазмұнындағы шиыршықтап күрделендіру ұстанымы бекітілді», - деді Шолпан Каринова бүгін ОКҚ өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, бүгінгі күні министрлік жаңа оқулықтарды апробациядан өткізуде 5 сатылық жүйемен жұмыс істеуде. Ең алдымен аталған оқулықтар республикалық ғылыми-практикалық оқулық орталығында педагогикалық және ғылыми сараптамадан өткізілді.
«2017 жылдың қыркүйек айында келесі оқу жылында енгізілетін оқулықтар қоғамдық бақылау порталына орналастырылды. Айта кетерлігі, аталған порталға 500-ден астам адам кіреді. 4500-ден астам ескертулер мен ұсыныстар түсті. Олардың барлығы да оқулық әзірлеп жатқан баспаларға жіберіліп отырды және тиісті өзгерістер енгізілді. Бүгінгі күні пәндік комиссиялар екінші отырыстарын бастады. Олардың құрамдары 180 адамға толықтырылды. Комиссия мүшелері келесі оқу жылында оқу тізбесіне енгізілетін оқулықтарды анықтау жұмысын жүргізіп жатыр», - деді департамент басшысы.