Жатақханада ажал құшқан марқұмдардың денесі Оңтүстік Қазақстанға ұшақпен жеткізілді

Қайтыс болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге жұмыс беруші мен мемлекет тарапынан өтемақы төленеді.

Атырау облысында 7 жұмысшының өмірін қиған өртке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Жатақхананың не себепті отқа оранғаны әлі анықталмады. Тексеру жалғасып жатыр. Жұмысшылардың ажал құшуына әкеп соқтырған жәйттің салдары бір айдан соң белгілі болмақ деп жазады Астана телеарнасы.

Сот-медициналық сараптама тағайындалды. Бұл туралы облыстық ІІД баспасөз қызметінің өкілдері айтты.

Назымгүл Қайсағалиева, Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінің жетекшісі: Аталған өрт оқиғасына қатысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 292- бабының 3 бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Бұл бапта өрт қауіпсіздік талаптарын бұзу нәтижесінде абайсызда 2 немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу әрекеттері жазаланады осы баптың негізінде.

Марқұмдардың денесі Атыраудан Оңтүстік Қазақстанға ұшақпен жеткізілді. Барлығы да осы өңірдің тумалары. Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, мәйіттерді әкелу мен жерлеу шығындарын жұмыс беруші өз мойнына алған. Қайғылы жағдайда көз жұмғандардың бірі 27 жастағы Мақсат Шыңғысбаевты бүгін туыстары ақтық сарапға шығарып салды. Ол Атырауда дәнекерлеуші болып жұмыс істеген. Мақсаттың артында үш баласы қалды. Отбасын асырау үшін өзге аймақта еңбек етіп жүрген жанның бейбіт күнде опат болғанына күйінген туыстары қауіпсіздіктің сақталмағанына сенімді.

Ешқандай ондай қауіпсіздік техникасы сақталмаған. Сақталмаған ешқандай...

Жұмыс істейтін адамға жақсы казарма қою керек. Жағдай жасау керек. Ал ол темір құрсау ғой, вагон деген. Бұл контейнер ғой. Контейнерге тек қана болт, т.б. салып, құлыптап қоятын нәрсе ғой.

Ал қайтыс болғандардың отбасылары мен зардап шеккендерге жұмыс беруші мен мемлекет тарапынан өтемақы төленеді. Бұл туралы Атырауға арнайы барған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев айтты. Қазір оқиға орнында тексеріс жүріп жатыр. Сондықтан жұмысшылар үйлеріне жіберілген.

Еске салайық, 2-наурыз күні Қарабатан стансасында жұмысшылар жатақханасы өртеніп, 6 адам тірідей жанып кетті. Тағы төрт адам ауруханаға түскен. Артынша, жағдайы ауыр тағы бір жұмысшы қайтыс болды. Осы жағдайдан соң мердігер мекемеге қарасты жатақханалардың барлығы тексеріліп жатыр.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: