Алматы облысында көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына 2 млрд 700 млн теңге бөлінді деп жазады Хабар 24 арнасы.
Бұл қаржыға қажетті техникалар сатып алынды. Қазір бөгеттер нығайтылып, ауыл ішіндегі арықтар тазартылып жатыр. «Еріген қар суынан зардап шеккен тұрғындарға өтемақы төленетін болады», – дейді жергілікті билік өкілдері.
Алматы облысындағы 5 ауданда ақпан айының ортасынан бері аулаларды су басу дерегі тіркелді. Соңғы мәліметтерге сүйенер болсақ, аймақта жалпы саны 300-ден астам үйдің ауласына су жайылған. Төтенше жағдайдың алдын алуға 300-ден астам адам мен 100-ге тарта техника жұмылдырылды. Талғар мен Жамбыл аудандарында жарияланған төтенше жағдай режимі әлі алынған жоқ. Сондықтан арқаны кеңге салуға болмайды. «Өйткені Жетісу жерінде көктемгі су тасқынының алғашқы кезеңі ақпан айының соңы мен наурыздың басында қардың еруіне байланысты өтсе, мамыр айында тау өзендері қауіп төндіреді», – дейді мамандар.
Дарынбек Байсариев, Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы:– Таудың қары аймаққа қауіпті. Ол бізде мамыр-маусымда ериді. Бізде «Қазселденқорғау» мекемесі тиісті жұмыстарды атқарады.
Осыдан бірер күн бұрын Ескелді ауданының Қарабұлақ, Ешкіөлмес ауылдарындағы 13 үйдің ауласын су басқан болатын. Себебі бау-бақша суғаратын су болмағандықтан, көшелердегі арық жүйесі 10 жылдан бері пайдаланылмаған. Сондықтан тұрғындар оны тазарту жұмыстарын ескерусіз қалдырған. Қазір жағдай тұрақталды. Дегенмен күн күрт жылынып, жауын-шашын толастамай тұр. Жетісу өңірінде қыс қатты болғандықтан, жердің тоңы 1 метрге дейін жетті. Ол әлі жіби қойған жоқ. Жерге су сіңіп үлгермей жатыр.
Қонай Достаев, Қарабұлақ ауылының тұрғыны:– Үйдің іші әлі сыз тартып тұр. Жертөледегі картоп, сәбіздеріміздің бәрі судың астында қалды. Көлік жасауға арналған шұңқырғаа дейін су кіріп кеткен.
Ғалымұрат Жүкел, Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы:– Біз қазір осы орын алған олқылықтарды ескере отырып, алдағы уақытта жаңағы екі этаппен келетін судың алдын алуға дайындық жұмыстарын жүргізудеміз. Жұмыс облыс әкімінің жіті бақылауында. Күнделікті, сағат сайын атқарылған жұмыс туралы есеп келіп түсуде.
Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының гидрометеорологиялық болжамдары негізінде бүгін тағы дауылды ескерту жариялады. «Еліміздің бұл өңірінде наурыз айының 5-7 аралығында күн жауын-шашынды болады. Бүгін тікұшақпен Текелінің тауларын әуеден бақылап қайттық. Тауға қар қалың түскен. Сол себепті тұрғындардан ауа райының қолайсыздығына түсіністікпен қарап, кез келген төтенше жағдайға дайын болуын сұраймыз», – дейді төтеншеліктер.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Олжас Байбосынов